Елорда тынысы

Абайдың портреті 3000 Рубик текшесімен жасалды

Астанадағы MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ерекше инсталляция ұсынылды – ұлы ақынның портреті 3000 Рубик текшесінің көмегімен жасалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Орталық екі күн бойы «Абай әлемі» атты мазмұнды мәдени іс-шаралар алаңына айналды. Көпшілік назарына шығармашылық қойылым мен поэзиялық кештер ұсынылды.

Ауқымды жобалардың бірі – Рубик текшелерінен құралған алып портрет болды. Биіктігі 3 метр, ені 2 метр бірегей туындыны спидкубер жастар небәрі 5 сағат ішінде жинап шықты.

«Біз тек көрнекі инсталляция емес, терең мағынасы бар арт-объект жасауды көздедік. Рубик текшесі – логика мен шығармашылықты тоғыстыратын өнер. Осы арқылы көрерменге ұлттық болмысты заманауи тәсілмен жеткізгіміз келді, – деді  жобаның бастамашысы Әлихан Ертұрсын.

Көркем туындыны мыңдаған келуші тамашалап, жастардың креативті ойлау қабілеті мен өнеріне оң бағасын берді. Инсталляция тек шығармашылықты емес, ұлттық мұраға деген құрметті де айқын көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Абай мұрасын жаңаша қырынан танытуға жасалған тың қадам. Мақсат – шығармашылықты дамыту, ұлттық сана мен елдік болмысты жастардың тереңірек ұғынуына себепкер болу.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button