Абайдың 180 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

Астанадағы Жазушылар аллеясында қазақтың ұлы ақынының 180 жылдығына арналған «Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес…» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz .
Іс-шараны жас домбырашылар «Алаш аманаты» күйімен ашты, кейін кеш ақынның өлеңдерін оқуымен жалғасты. Шамамен 40 бала Абайдың шығармалары мен әйгілі қара сөздерін жатқа оқыды. Олардың арасында ұлы ойшылдың шығармашылығына қызығушылықпен қараған мектеп оқушылары болды.
«Мен Абай Құнанбайұлының өлеңдерін 4-сыныптан бастап жаттаймын. Орта буынға өткенде, байқауларға қатыса бастадым. Алғаш рет әдеби байқауға қатысып, 105 өлеңі оқып бердім. Қазір 125 шығармасын жатқа білемін, олардың арасында «Ескендір» және «Масғұт» поэмалары бар. Ең сүйікті өлеңім – «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?».
Абайдың туындыларын жаттау маған қиын болған жоқ. Жасым өскен сайын ақынды тереңірек түсініп келемін. Оның әр сөзінде философия жатыр. Қазір Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілікті сіңілімнің бойына дарытып жүрмін. Оның менің жолымды қуғанын, менен үлгі алғанын қалаймын. Алғашқы жүлдемді бесінші сыныпта алдым, сол кезде мектепішілік байқауда Абайдың 30 өлеңін айтқан едім. Қазір түрлі шығармашылық байқаулардан жинаған жүлделерім 20-30-ға жуықтады», – дейді Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Шынар Батырханқызы.
Бұл күні ұйымдастырушылар «Бала Абай» атты сахналық қойылым қойды. Онда Абайдың әжесі Зеремен бірге отырып әңгіме құрған сәті бейнеленді. Актерлік шеберлікті Абай бейнесін бала – оқырман Алинұр Алишанов пен Зере рөлін Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері Сағадат Иманбекова көрсетті. Олар дана Зере мен зерек бала Абайдың бейнесін көрерменге жеткізуге тырысты.
«Бүгін Жазушылар аллеясында Абайдың 180 жылдығына арналған шара өтіп жатыр. Басты мақсатымыз – ұлы ойшылдың шығармашылығы арқылы ұлттық, адамгершілік, рухани құндылықтарды насихаттау. Біз кітап көрмесін ұйымдастырдық, онда Абайдың бүкіл өмір жолы көрініс тапқан. Қонақтарға 500-ден астам кітап қолжетімді. Сонымен қатар, осы іс-шара аясында Абай шығармашылығы туралы библиографиялық көрсеткіштің таныстырылымы өтеді», – дейді Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жетекшісі Гүлбадан Мәдібаева.
Іс-шараға Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындар қатысты.
Қатысушылар ұлы ақынның сүйікті ойыны – тоғызқұмалақты ойнады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар балаларға Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен шығармалары негізінде жасалған бояу кітапшалары бойынша шеберлік сабағын өткізді.