«Абай» трагедиясының тағылымы

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мерейлі 35-ші маусымын ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған «Абай» трагедиясымен ашты. Қойылымды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы келіп тамашалады.
«Абай – қазақтың жан дүниесі. Оны оқуды, түсінуді тоқтатқан жерде тоқырау басталады. Қалибек Қуанышбаев театрындағы жаңа маусымның шымылдығын түрген «Абай» трагедиясынан осыны түйдік. Жаңа театр маусымы құтты болсын!» деді Ерлан Қарин.
Спектакльдің алдында ұлттық дәстүрімізге сай салтанат ұйымдастырылды. Кеш «Домбыра party»-ден басталып, «Тәрбия» брендінің сән көрсетілімі мен «Абай әндерін бірге шырқайық» атты іс-шаралармен жалғасты. Аталмыш театрдың Theatre Avenue бэнді және халық аспаптар ансамблі Абай әндерін көрермендермен бірге шырқап, кішігірім сыйлықтар табысталды.
Ал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, орта жастағы Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
Сахнадан ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы ғаламдық деңгейдегі мәселелермен үндеседі. Қойылым заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туындысы бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтпағанына көз жеткізеді.
Жалпы осы қыркүйек айының репертуарында театр сүйер қауымды мазмұнға бай қойылымдар күтіп тұр. Көрермендер «Жүрек сыры. Махаббатым сен…», «Фигароның үйленуі», «Күй», «Жошы хан», «Шеңбер», «Қызыл орамалды шынарым», «Хат», «Туған күн», «Қыз жиырмаға толғанда», «Құмқала», «Айман-Шолпан», «Патша көңілім, не дейсің?!.» сынды спектакльдерді тамашалай алады. Сондай-ақ театрдың халық аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестрінің концерті ұсынылады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ