АБАЙ – ДАНА, АБАЙ – ДАРА…

0 220

Астанада Қазақстан халқы тілдерінің XIX фестивалі аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін «Абай – дана, Абай дара қазақта» атты қалалық байқау өтті.

Сайыс үш бөлімнен тұрды. Алғашқысында ұлы тұлғаның өлеңдері мен қара сөзін мәнерлеп оқыса, екіншісінде ақынның әндерін орындайды. Үшінші бөлімде Абай әлеміне қатысты қойылған сұрақтарға жауап береді. Қатысушылардың өнерін сарапқа салатын қазылар алқасына елге белгілі азаматтар тартылған. Олардың арасынан өзіміз
Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, режиссер Болат Ұзақовты таныдық.
Байқауға іріктелген алты топ қатысты.
– Тілдер фестивалі аясында Абай атамыздың туындыларын дәріптеуге арналған байқау өтіп жатыр. Бүгінде елорда халқы бір миллионнан асты. Оның 70 пайызын жергілікті ұлт құрайды. Мемлекеттік тілді бәрі де біліп, қадірлеу қажет. Тіл болмаса, халық та, мемлекет те болмайды. Сондықтан тілдің алар орны үлкен, – деді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеу­ғали Қышқашбаев.
Сайыс қорытындысында бірінші орынды Ішкі істер департаментінің мамандарынан құралған «Ел сақшылары» командасы жеңіп алды. Екінші орын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қызметкерлеріне бұйырды. Үшінші орынды №10 емхананың ақ халатты абзал жандары алды. Сондай-ақ, жеке аталымдар бойынша да жүлдегерлер анықталды. Мәселен, «Үздік қара өлең шебері» номинациясында Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері озық шықса, «Үздік қара сөз» аталымында Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бағы жанды. «Үздік орындаушыны» өнерлі «Алау» мұз айдынының мамандары иеленді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 10 =