Абай аманатын ардақтады

Amanat партиясы Астана қалалық филиалының бастауыш партия ұйымдары арасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай аманаты» зияткерлік байқауы өтті.
Amanat партиясының Сарыарқа аудандық филиалы ұйымдастырған байқаудың мақсаты – Абайдың бай рухани және философиялық мұрасын насихаттау, оның шығармашылығы мен идеяларына қызығушылықты дамыту, патриоттық құндылықтарды нығайту және қатысушылардың зияткерлік даму деңгейін арттыру.
Жиыны 16 команда қатысқан байқау «Бәйге», «Бәрі біледі», «Ақылды команда», «Абай әлемі», «Білгенге – маржан» атты бес кезеңнен тұрды. Соның барысында командалар Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның философиялық көзқарастары, сондай-ақ оның мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығы туралы білімдерін көрсетті. Қатысушылар дайындықтың жоғары деңгейін, эрудиция мен халқымыздың мәдени мұрасына құрмет көрсетті. Қорытындысында жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Шапағат ӘБДІР