Театр төрінде – ақындар жыры
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Құнанбай» спектаклі басталар алдында «Ашық микрофон» поэзиялық кеші ұйымдастырылды.
Іс-шараның шымылдығын ашқан театр актері Қуандық Қыстықбай поэзия мен театр тоғысқан осы бір кештің мәнін атап өтті. Оның айтуынша, басқосу заманауи қазақ поэзиясын насихаттап, жас қаламгерлердің шығармашылығына жол ашуға бағытталған.
Еркін форматта өткен кеште поэзия сүйер қауым сүйікті ақындарының туындыларын оқып, өз шығармаларын да көрермен назарына ұсынды. Кеш барысында Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Танакөз Толқынқызы сынды белгілі ақындардың өлеңдері оқылды. Жиын барысында қатысушылар әдеби ортада еркін пікір алмасып, поэзия туралы ойын ортаға салды. Осы тұста жас ақын, студент Ақерке Мамырбек те өз әсерімен бөлісті.
– «Ашық микрофон» біз үшін ерекше леп болды. Еркін форматта өлең оқу, өз ойыңды ашық жеткізу – жас ақындарға үлкен мүмкіндік. Мұндай кештер шығармашылыққа қанат бітіріп, поэзияға деген қызығушылығымызды арттырады, – деп өз пікірін білдірді.
Поэзия оқыған барлық қатысушыға театр тарапынан шығармашылық қолдау ретінде 27 маусым күні режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Қан мен тер» спектаклінің премьерасына билеттер табысталды.
Кешке жиналған көрермендер ақындардың өлеңдерін жылы қабылдап, шығармашылық атмосфераның қалыптасуына үлес қосты. Бағдарлама соңында олар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов сахналаған «Құнанбай» спектаклін тамашалады.
Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті



