Мәдениет

Ұлттық қолөнерді ұлықтады

Көшпенділер өркениетінің тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық қолөнердің маңызын зерделеу, насихаттау мақсатында елордадағы №2 өнер мектебі мен Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясы бірлесіп, «Көшпенділер өркениеті: ұлттық қолөнер» атты респуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Аталған іс-шара көшпенділер өркениетінің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық қолөнерді жаңғырту, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары негізінде жас ұрпақты тәрбиелеу және педагогтардың тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған Жамбыл, Қызылорда облыстары, Алматы қаласы, еліміздің басқа да өңірлерінен 220 педагог, 250 оқушы мен шеберлер қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдіс­темелік орталығының музыкалық, көркем-­эстетикалық шығармашылық бөлімінің әдіскері Гүлжан Нәлібаева, Астана қаласындағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы үйлестірушісінің міндетін атқарушы Гүлмира Ешменова, Түркия Республикасының Қазақстан Респуб­ликасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, ағартушы-ұстаз Оспан Сүлейменұлы бар.

Тағылымды іс-шара кезінде шеберлер­дің тәжірибесі, жобалары мен авторлық жұмыстары таныстырылды. Пікір алмасу жүргізіліп, текемет, сырмақ, панно көрмесі, жүн өңдеу технологиялары, киіз басу, өрмек, кесте тоқу, зергерлік өнер, сүйек пен мүйізді ұқсату, ағаш бұйымдары, тері өңдеу, ши орау, ұршық иіруден тәжірибелік жұмыстар және жүннен инемен қадау әдісі арқылы жасалған сән көрсетілімі өтті. Сондай-ақ «Киелі текемет – киіздің төресі» тақырыбында арнайы көрме ұйымдастырылды. Оған республика педагогтарының қолынан шыққан 200-ге жуық жүннен жасалған картиналар мен 50-ге жуық текемет жұмыстары ұсынылды. «Бала жолы – болашақ жолы» атты ұршықпен жүн иіру «Ұршық FEST» өтті. Республика­ның түкпір-түкпіріндегі онлайн-қатысушы оқушылар мен арнайы келген қатысушылар 10 минут ішінде ұршықпен жүн иірді. «Қазақстан картасы» тақырыбында 3х8 өлшемдегі текемет жасалды. Әр өңірден келгендер өз аймағының картасын жүннен текемет үлгісінде алдын ала дайындап әкелді. Сөйтіп, барлық облыстар мен аймақтардың жұмыстары инемен тығындау әдісі арқылы бірігіп, тұтас Қазақстан картасы жасалды.

Сарапшылар шешімімен үздік жұмыс­тар Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық музейінде 10 күндік көрмеге қойылды. Тәжірибелік конференция барысында Астана қаласы әкімдігінің №2 өнер мектебі сурет сыныбы оқушыларының көрмесі қойылды және суретшілер пленэрі өтті, «Балдәурен» балалар хоры, «Мерей» домбырашылар ансамблі, «Ерке сылқым» бишілер ансамблі, «Мұра» ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button