Басты ақпаратҚұқық

«Жолдағы балалар» білуі керек

Жазғы каникул басталып, балалардың үйден тыс жердегі, жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Осы ретте елорда полициясы «Жолдағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының үгіт-насихат тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әділбай Мұратбек Айтмұратұлының айтуынша, іс-шара негізгі мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Іс-шара 2026 жылдың 3–7 маусым аралығында өткізілді. Осы бес күн ішінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, балалар көп шоғырланатын орындарда, көшелерде және қоғамдық аумақтарда профилактикалық шараларды жүзеге асырды. Соның барысында жалпы 6 432 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде жаяу жүргіншілер тарапынан 767 белгіленбеген жерден жолды кесіп өту дерегі тіркелді. Сондай-ақ 47 жағдайда азаматтар велосипед және самокатпен жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өтіп кеткен.

-Биылғы іс-шара бұрынғы жылдармен салыстырғанда кешенді және ауқымды форматта ұйымдастырылды. Тек рейдпен шектелмей, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше басымдық берілді. Арнайы дайындалған анимациялық және әлеуметтік бейнероликтер қала бойынша LED экрандарда, қоғамдық көліктерде, сауда орталықтарында, кинотеатрларда, лифтілерде және әлеуметтік желілерде кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар ата-аналар мен балаларға арналған жадынамалар таратылып, жол қауіпсіздігі тақырыбында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Электросамокаттар мен велосипедтерді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылып, кикшеринг компанияларымен бірлескен жұмыс жүргізілді, — дейді Әділбай Мұратбек.

Іс-шара аясында мектеп жанындағы және сауықтыру лагерьлерінде кәмелетке толмағандармен профилактикалық кездесулер өткізіліп, жол қозғалысы ережелері, жолды қауіпсіз кесіп өту тәртібі, велосипедтер мен электр самокаттарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.

— Балалардың жолдағы қауіпсіздігі тек полицияның емес, ең алдымен отбасының бақылауында болатыны ерекше атап өтілді. Сонымен қатар профилактикалық кездесулер барысында нақты мысалдар келтіріліп, жолдағы қауіптің салдары түсіндірілді. Бұл іс-шаралар балалардың жол қауіпсіздігіне деген қызығушылығын арттырды. Негізгі мақсат – жазалау емес, ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — дейді Әділбай Айтмұратұлы.

Оның айтуынша, балалар арасында ең жиі кездесетін қателіктердің бірі – жолды белгіленбеген жерден кесіп өту. Сонымен қатар велосипед пен самокатты басқару кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, жаяу жүргіншілер өткелінде түсіп жүрмеу және бағдаршам сигналдарын елемеу жағдайлары жиі кездеседі. Кейбір балалар жүргізушілерге аяқ астынан күтпеген жағдай туындатады. Жаяу жүргінші ретінде балалардың жиі бұзатын ережесі – арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелін пайдаланбау. Кей жағдайларда олар жолдың қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, көлік қозғалысы бар жолға кенеттен шығып кетеді. Мұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін болғандықтан, бұл бағытта түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – электросамокаттар мен велосипедтерді дұрыс пайдаланбау. Кейбір балалар жол қозғалысы ережелерін толық сақтамай, өздеріне және басқа қатысушыларға қауіп төндіреді. Сонымен қатар веложол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі және жол мәдениетінің толық қалыптаспауы да өзекті мәселелер қатарында. Құқық бұзушылықтар көбіне халық тығыз орналасқан тұрғын үй массивтерінде, мектептер мен балабақшалар маңында, саябақтарда, скверлерде және балалар ойын алаңдарында жиі тіркеледі. Осыған байланысты патрульдік полицияның қосымша нарядтары дәл осы аймақтарға бағытталып, бақылау күшейтілді.

— Балалар көп жүретін орындар, мектеп маңы, тұрғын үй аулалары, демалыс аймақтары және жаяу жүргіншілер өткелдері тұрақты бақылауға алынды. Инфрақұрылымды дамыту, веложолдар мен самокаттарға арналған арнайы аймақтарды ұйымдастыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Баланы көшеде жалғыз қалдырмау, әсіресе кішкентай балаларға ерекше бақылау жасау маңызды. Сондай-ақ ата-аналар балалардың қауіпсіз киім, жарық шағылыстыратын элементтер қолдануына көңіл бөлуі керек, — дейді спикер.

Іс-шара барысында «Велосипед – қауіпсіз көлік!» байқауы өткізілді, марш-шеру ұйымдастырылып, балаларға сыйлықтар мен жарық шағылыстыратын арнайы белгілер таратылды.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button