Тәртіп сақшылары велосипедпен жүру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады
Жаз мезгілінде велосипед пен электрлі самокат пайдаланушылар санының артуына байланысты Астана қаласы Полиция департаменті тұрғындарға жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тәртіп сақшылары велосипедпен жолға шығар алдында қорғаныш дулығасын киіп, көліктің техникалық жарамдылығын тексеру қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, тежегіш жүйесі, руль, доңғалақ, жарық шамдары мен жарық шағылыстырғыш элементтер толықтай жарамды болуы тиіс.
Полиция қызметкерлері велосипедшілерге арнайы веложолдармен жүруге, жол белгілері мен бағдаршам талаптарын сақтауға және жаяу жүргіншілер өткелінен өтер кезде велосипедтен түсіп өтуге кеңес береді.
Сонымен қатар, қозғалыс кезінде ұялы телефон пайдалану, құлаққап тағу, қауіпті маневрлер жасау мен жарыс ұйымдастыру адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні ескертіледі.
Түнгі уақытта велосипедпен жүрген кезде алдыңғы және артқы жарық шамдарын жағып, жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану қажет. Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы мәдениетін сақтауға, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.



