Cirque du Soleil шоуының мыңдаған көрермені профилактикалық акцияға қатысты
Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде аты аңызға айналған Cirque du Soleil циркінің OVO қойылымымен гастрольдік сапары басталды. Ауқымды іс-шара алаңында қала тұрғындарының құқықтық мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара республикалық «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Астана қаласының прокуратурасы, қала әкімдігі және Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарды интернеттегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәртіпсіздікке «мүлде төзбеушілік» қағидатын нығайту. «Барыс Арена» фойесінде арнайы «Заң мен тәртіп» тақырыптық аймағы жасақталды. Мұнда еріктілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрермендерге ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратты. Сондай-ақ келушілер қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау тақырыбындағы балалар суреттерімен танысты.
Ұйымдастырушылар интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтардан қорғану мәселесіне, сондай-ақ цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында аса өзекті болып отырған қаржылық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударды.

«Іс-шара барысында келушілерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды көптеп қамту мүмкіндігі пайдаланылды. Акция қатысушыларына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтық тәрбиесіне қатысты түсіндіру жүргізілді. Сонымен қатар LED-экрандарда құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық материалдар мен әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп жатыр», – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда.
Ол сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қараудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және экологияны құрметтеудің маңызын атап өтті. Прокурордың айтуынша, кибералаяқтар көбіне азаматтардың ақпараттық сауатының жеткіліксіздігін пайдаланады. Сондықтан адамдар көп жиналатын орындарда осындай түсіндіру жүргізу профилактиканың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады.
«Біз қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын, цифрлық қауіпсіздік негіздерін және құқықтық сауаттылық мәселелерін түсіндіреміз. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпаққа қауіп-қатерді тануға, заңды сақтауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға көмектесу», – деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова.
Еске сала кетейік, Cirque du Soleil ұжымының OVO шоуы аясындағы әлемдік турне Астанада 4-7 маусым аралығында өтіп жатыр. Елордаға 25 елден келген 130 маманнан құралған халықаралық команда, оның ішінде 53 әртіс келді. «Заң мен тәртіп» акциясы шоу өтетін күндері жалғасады.



