Басты ақпаратЕл тынысыҚоғам

Парасат жолы

Бұл – тек жеке тағдыр емес, бұл ұрпаққа үлгі боларлық өмір мектебі. Оның өмір жолы – қарапайым ауыл баласының табандылық пен білім арқылы биікке көтерілгенінің айқын көрінісі. Ал Жанкелді үшін еңбек – адамдықтың басты белгісі еді. Оның еңбек жолы ресми қызметтен емес, ауылдың қарапайым тіршілігінен басталды. Мектептің 5-сыныбында жүргеннен-ақ шөп шабу, егін орағы сияқты маусымдық жұмыстарға араласып, өмірдің нағыз мектебінен өтті. Бұл – жай ғана еңбек емес, бұл балалық шақтан бастап қалыптасқан жауапкершілік пен төзімнің, адалдықтың алғашқы сабақтары еді.

Жасөспірім шағында қолына күрек пен айыр ұстаған бала, есейе келе өмірдің әр саласында да сол еңбекқорлығынан нәтиже шығара білетіні ақиқат. Жангелдінің әскери борышын өтеп келгеннен кейін, Алматыдағы құрылыс комбинатында бетоншы болып жұмыс істеуі – оның еңбектен қашпайтын, кез келген істі адал атқаруға дайын азамат екенін айқын көрсетті. Бұл кезең оның шыдамын, физикалық және рухани төзімділігін одан әрі шыңдады.

Студенттік жылдары да оның өмірі тек біліммен шектелмеді. Жаз айларын комбайн тізгіндеп, студенттік құрылыс отрядтарында өткізуі – оның еңбекті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырғанының дәлелі. Ол үшін еңбек – қосымша іс емес, адамдық тәжірибенің майданы болды. Содан да болар, еңбек жолын Торғай облысы Жақсы ауданындағы Құмай совхозында бастап, өмірдің шынайы тәжірибе мектебінен өтті. Ол ешқашан арамтамақ болмауды, маңдай термен өмір сүруді үйренді.

Жанкелді Ерденұлы Шымшық­ов – туған халқының тағдыры мен тарихы бостандыққа ұмтылған кезеңде күресе білген, өз заманының талабына жауап берген тұлға. Ол 1951 жылдың 7 сәуірінде Ақмола өңірінің қасиетті топырағында, бұрынғы Балкашин (Сандықтау) ауданына қарасты Жыланды ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Атбасар ауданының Алғабас ауылында өтті. Сол ауылдың топырағы, сол кезеңнің деңгейіне сай білімді әке мен шешенің тәлім-тәрбиесі оның бойына еңбекқорлықты, қарапайымдылықты сіңірді. Оның әкесі Ерден Шымшықұлы соғыс ардагері болатын, бір аяғынан айрылғанына қарамастан қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары білімді мұғалімі ретінде ұзақ жылдар бойы қайтыс болғанша Атбасар ауданындағы жалғыз қазақ мектебінің директоры болды. Анасы Күлмаш Нұрпейісқызы да жоғары білімді математика ұстазы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атанған жан еді. Әкесі мен анасы да ұстаздығымен көрінген жандар ретінде балаларын ұятқа қалдырмауды, үлгілі болуды, еңбекке баулуды үйрететін. Балалары әке-шешенің айтқанын орындады, бәрі де айналасына үлгі-өнеге көрсете білді.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, білімге деген ұмтылыс оны үлкен жолға бастады. 1968 жылы Атбасар қаласындағы ­Ә.Майкутов атындағы қазақ мектеп-интернатын тәмамдаған ол қалаған оқуына түсе алмай, ауылда қарапайым еңбек етті, әскери борышын өтеді. Содан кейін ғана 1973 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетіне оқуға түсіп, 1978 жылы қызыл дипломмен аяқтады. Бұл – оның тек талапты студент емес, болашағынан үміт күттірген жас маман болғанын айғақтайды. Ол өзінің кәсіби жолын Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында аға оқытушы ретінде бастады. Уақыт өте келе ол тек оқытушы ғана емес, ғылым мен қоғамды байланыстыра білген сұңғыла ғалымға айналды. Петербургте микроэкономика, Алматыда макроэкономика бағыттары бойынша білімін жетілдіруі – оның үнемі ізденісте болғанын көрсетеді. Ғылыми-зерттеу мен педагогикалық қыз­метті қатар алып жүріп, ол жоғары оқу орындарында доцент, профессор ретінде талай шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарында, бұқаралық ақпарат құралдарында экономикалық сарапшы ретінде де қоғам өмірін шынайы көрсете білді.

Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор, Мәскеу аграрлық білім академиясының академигі атануы – ұзақ жылдық еңбектің заңды нәтижесі. Жүзден астам ғылыми және публицистикалық мақалалары, бірнеше монографиялары – оның ойшыл, экономикалық сарапшы ретіндегі келбетін айқындай түсті. Кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, ғылыми-зерттеу институтының Астана филиалының директоры сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқаруы да – оның ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігінің дәлелі.

Ол жеке шығармашы­лық­пен де айналысып келеді. Домбырасын шертіп отырып, сөзі мен әнін өзі жазған «Алақан», «Айналдым» т.б. әндері де бар.

Жанкелді Ерденұлының еңбек жолы – бір адамның қызметтік өсуі ғана емес, тұтас бір дәуірдің интеллектуалдық келбетін айқындайтын жол болды. Осы жылдардың барлығында оның еңбекші қазаққа деген өмірлік құрметі қалыптасты. Осыдан болар, өзі де туған халқы үшін қандай қиын іс болмасын атқаруға әр уақытта дайын болды. Соның бір мысалы, 1990-1991 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында болған зілзаланың салдарын жоюға белсене атсалысуы. Сол кезде Ақмола құрылыс-инженерлік институтының проректоры бола тұра, жүзге жуық студентті өзі бастап барып, Айнабұлақ совхозында жаңа үйлер салу ісін ұйымдастыруы – оның ел алдындағы азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Тарихтың әр кезеңінде уақыттың ағысымен бірге жүретіндер болады, ал сол ағысқа қарсы жүруге жүрегі дауалайтындар – саусақпен санарлық. Жанкелді Ерденұлы – сол сирек жандардың бірі. 1986 жылдың Желтоқсаны – қазақ жастарының намысы оянған тарихи сәт. Сол кезде Арқалықтағы санаулы азаматтардың бірі болып, ол бұл қозғалысқа іштей ғана емес, ашық түрде дем берді. Бұл – жай ғана көзқарас емес, бұл сол заман үшін үлкен тәуекел еді. 18 желтоқсан күні Қазақ радиосы арқылы КОКП-ның сол кездегі саясатына қарсы пікір білдіру – әркімнің қолынан келмейтін батыл қадам болатын. Осы жерде ескерте кететін нәрсе, торғайлықтар Желтоқсан көтерілісін 19 желтоқсанда қолдап шыққан еді. Жас оқытушы сол күні институт қабырғасында жарық көрген қабырға газетінде Лениннің орыс шовинизмін әшкерелейтін, көпшілік біле бермейтін мақаласын жариялады. Бұл ресми идеологияның өз ішіндегі қайшылықты көрсету, «қасиетті» деп танылған ұғымдарға күмән келтіру болатын. Жас оқытушының сол кездегі коммунистік жүйенің масқарасын шығарған білімділігі мен көзсіз батырлығы студенттерді көшеге сүйреді, әріптестерін іштей қолдауға мәжбүр етті.

1987 жылдан бастап Жанкелді Ерденұлының өмірі жаңа бір кезеңге қадам басты. Бұл енді тек ғалымның, ұстаздың немесе ұйымдастырушының жолы емес, бұл ашық саяси күрес жолы еді. Ол Целиноградқа ауысып келгеннен кейін уақыттың тынысын дөп баса білді. Ел ішінде әлі де үрейдің салқыны сейілмеген, ал шындық айту әлі де қауіп төндіретін кезең болатын. Бірақ ол бұл жолы да үнсіз қалуды таңдамады. Керісінше, қоғамдағы қозғалыстың алдыңғы шебінен табылды. «Невада – Семей», «Тіл және мәдениет», «Азат», «Қазақстан халық конгресі», кейін «Өрлеу» сияқты сол кезеңдегі ұлт тағдырына бейжай қарамаған ұйымдардың бел ортасында жүрді. Бұл ұйымдар – жай ғана қоғамдық бірлестіктер емес, олар тәуелсіздікке ұмтылған халықтың алғашқы саяси үнінің көрінісі еді. Ал сол үнді күшейтуге атсалысу – нағыз азаматтық ерлік болатын.

Жанкелді сол күрестің тек қатысушысы ғана емес, ұйымдастырушысы да болды. Ақмола қаласындағы төрт қоғамдық институтты біріктірген «Парасат» қоғамының саяси жетекшісі ретінде ол өзінің сүйікті ісі елдің тарихи жадын оятуға бағытталған істердің басында тұрды.

Жанкелді Ерденұлы жас­тарға да ерекше үміт артты. «Ақмола жастар қауымдас­тығын» құрып, оған бағыт-бағдар беруі – оның тек бүгінді емес, ертеңді ойлағанының белгісі. Ол жастарды соңынан ертті, бірақ соқыр сеніммен емес, саналы жауапкершілікпен жетеледі. Осының бәрін сараласақ, оның ұйымдас­тырушылық болмысы айқын көрінеді: ол – адамдарды жинай білді, ол сендіре білді, ол қорғап та, біріктіре де білді. Нағыз ұйымдастырушы айқаймен емес, сеніммен жетелейді. Жанкелді дәл сондай тұлға болды. Ол үшін ұйымдас­тырушылық қызмет емес, бұл ұлтқа қызмет етудің бір жолы еді.

Жанкелді Ерденұлының азаматтық болмысы мен саяси ұстанымы оның Ақмола облыс­тық Кеңесінің халық депутаты болған жылдарында айқын көрінді. Бұл ел тағдыры таразы­ға түскен, әр сөз бен әр әрекеттің салмағы ауыр кезең еді. Сол уақыттағы ең бір маңызды, әрі тарихи әділеттілікті талап еткен мәселелердің бірі – Ақмола атауының тағдыры болатын. Жердің аты – жай ғана белгі емес, ол – халықтың тарихы, жадын сақтайтын рухани таңба. Ал сол атаудың өзгертілуі – тұтас бір кезеңнің, тұтас бір дәуірдің бұрмалануы еді. Депутат Жанкелді осыны терең түсінді. Сондықтан да ол бұл мәселеде үнсіз қалуды ар санады. «Ақмола аты қайтарылмай, елге қайтпаймыз!» деген ұранмен Алматыға барып, аштық жариялаған топтың басында тұруы – оның жай ғана депутат емес, шындық үшін күресе білетін азамат екенін көрсетті. Кейін Ақмоланың бас қалаға айналуы – тарихтың үлкен бетбұрысы болды. Бірақ сол үлкен өзгерістің алдында оның тарихи атауының қайтарылуы – рухани тұрғыдан аса маңызды қадам еді. Ал сол істің басы-қасында болып, күресті ұйымдас­тыруда депутат Жанкелдінің болуы – оның депутаттықты ел игілігіне жұмсай білгендігінің бір айқын көрінісі.

Ол қай қызметте (проректор, декан, кафедра меңгерушісі, ұйым жетекшісі) болмасын әруақытта шындықты таңдады. Ол әділеттілікті құп көрді. Ол, ең алдымен, тарихтың дұрыс айтылуы мен жазылуын қалады.

Жанкелді ағаның бір ерекшелігі, оның екі тілге, яғни қазақшасы мен орысша сөйлеуі де, жазуы да бірінен бірі асып түсіп жатады. Ғылыми, саяси, экономикалық тұрғыдан болсын екі тілде сауатты сөйлеп, жазып өз ой-пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарына беріп те жатады. Журналис­тердің оның қыр соңынан қалмай экономикалық, қаржы, бизнес саласындағы көкейкесті сұрақтарына мүдірмей жауап беріп жатуы да осындай білімдарлығынан болар.

Жанкелді Ерденұлының тұлғасын биіктететін басты қасиет – оның шыншылдығы. Ол ешқашан өзін алға шығарған жоқ, еңбегін саудаламады, өткенін дабыра қылған жоқ. «Өзін өзі мақтаған, өлімнің аз-ақ алды» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырып, әрдайым үнсіз еңбек етіп, тік жүруден қайтқан жоқ. Оның жолы – айқайсыз ерлік, жариясыз адалдық жолы.

Бүгінде ол Тұран-Астана университетінде дәріс беріп, жас буынға білім мен өмір тәжірибесін үйретіп жүр. Сонымен қатар, «Ақ Орда» астаналық ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде қоғамдық өмірдің бел ортасында жүруі – оның өмірлік миссия­сының әлі де жалғасып жатқанын аңғартады. Бұл – қыз­мет емес, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жалғасы.

Жанкелді Ерденұлы үшін сол із – ең алдымен ұлт үшін еңбек етуі мен тәрбиелеген ұрпағы, студенттерге берген білімі, осының бәрі жаққан шырағы. Екі ұл, төрт қыз өсіріп, немере мен жиеннің ортасында отырған абыз тұлға үшін бұл – өмірдің ең әділ таразысы. Бұл – еңбектің қайтарымы, тағдырдың сыйы. Оның ғұмыры – күреспен басталып, кемелдікпен жалғасқан, ал бүгінде – парасатқа айналған жол.

Ерлан КҮЗЕКБАЙ,

Болат ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Астана қаласы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button