Басты ақпаратДенсаулық

Медицина саласына сілкініс керек

Денсаулық сақтау саласы соңғы жеті жылда басы даудан арылмай келе жатқан сала болды. Оған дәлел ретінде Қызылордада өткен ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев айтқан төмендегі сөзі дәлел: «Медициналық әлеу­меттік сақтандыру қорына жүргізілген кешенді тексеру көптеген заң бұзушылық пен теріс пайдалануды анықтады. Негізінен, бұл – қарабайыр қосып жазу деректері мен мемлекеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқыру мақсатында құжаттарды қолдан жасаудың өрескел фактілері. Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және денсаулық сақтау саласын дамытуға бүкіл ел күш-жігері мен қаржысын жұмылдырып отырған шақта, әлеуметтік салаға бөлінген қомақты қаражаттың ашықтан-ашық талан-таражға салынуы жол беруге болмайтын жағдай» деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының аз еместігін, оны үнемдеп істетудің жолдарын, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік экспертизация және негізсіз техникалық регламенттер жайлы «Астана ақшамы» газетінде жазған болатынбыз. Ал ендігі кезек денсаулық сақтау мекемелеріндегі міндетті медициналық сақтандыру арқылы қаржыландырылатын медициналық мекемелердің қызмет сапасын арттыру, өнімділігін жоғарылату, қаржыны орынды және үнемді жұмсау, ұзаққа созылған кезектерді азайту немесе жою, жалған қызмет көрсету арқылы мемлекеттің және медициналық сақтандырудың қаржысын ұрлатпау жайлы өз ой-ұсынысымызды жүйелеп көрейік.

Бірінші: МӘМС жүйесімен жұмыс істейтін медициналық мекемелер неге жаппай жалған қызмет көрсету, МӘМС қаражатын ұрлауға көшті? Бұған бір себеп ретінде медициналық мекемелердің басшыларының, құрылтайшыларының тек қана пайда табуды ғана көздеп кетуі жалғыз себеп емес, біздің елімізде медициналық қызметке берілген тарифтердің төмендігі де әсер етуде. Медициналық мекемелер әртүрлі шығындарды МӘМС арқылы бөлінген қаражатпен жаба алмаған жағдайда медициналық мекемелер медициналық қызметтің санын көбейту, көлемін көбейтіп көрсету, жоқ науқастарды емдеу есебінен шығындарды жабады.

Медицина саласында қолданатын техникалар, медициналық жабдықтар мен материалдар, дәрі-дәрмектер бұл күнде 90% жоғары импортқа тәуелді. Олай болса, тарифтерді шынайы нарықтағы жағдаймен, бағалармен есептеп, жоғарылату қажет. Сонымен бірге емханаға, ауруханаға ағатын пациенттің жүктемелігін азайтудың нақты практикаға, халық сенетіндей жолдарды ұсыну қажет. Пациент ағынын азайтамыз деп медсестраларды науқасқа қарсы қойып, фильтр жасау пациенттердің күдігін одан әрі көбейтіп, дәрігерлердің жүктемесін одан әрі күшейтеді. Ол үшін халыққа мемлекеттің қаражатымен жұмыс істеп келе жатқан телеарналарда, олардың цифрлық контенттерінде, ақпараттық сайттарда халықтың денсаулық қорғау саласында дұрыс, танымдық мәдениетін қалыптастыру қажет. Қажетсіз зертханалық зерттеулердің, аппаратпен зерттеулердің, мамандарға жүгінудің денсаулық сапасын көтеретін критерийлер емес екенін, қайта уағында профилактика, күтім жасаудың маңызын танымалдыққа жеткізу қажет. Медициналық мамандар арасында дұрыс ақпарат, таным, пайдалы кеңес беретін мамандардан жұлдыз жасап, халыққа денсаулықтың қадірін түсінуге, медицина мамандарын түсінуге, құрметтеуге жұмыс жасау қажет.

Ақпараттық арена – қай саланы да өсіретін де, құлататын да майдан. Соңғы кезде еліміз медицина қызметінің сапасына, профилактикалық әртүрлі вакциналарға, тіпті зерттеулер арқылы өндірілген дәрі-дәрмектерге қарсы ақпарат ағыны көбейіп кетті де, еш ғылыми негіз жоқ, әртүрлі БАД, белгісіз өнімдер, емші-домшылар халық алдында жұлдыздарға айналды. Бұл да – халық денсаулығына, денсаулық саласына әсер ететін үлкен мәселе.

Екінші: медициналық ұйым­дардың нақты, жұмыс істейтін стандарты қажет. Қазіргі стандарттар формалды. Сондықтан медициналық ұйымдарды тек үш деңгейіне емес, қызмет көрсететін халық санына, көрсететін қызмет түріне, нақты жүктемесіне қарай стандарттау қажет. Бұл стандарт тек жабдық тізімі емес, республикалық, облыстық (қалалық), аудандық және ауылдық (округтік) медициналық мекемелердің ең төменгі техникалық жабдықталу стандартын қайта қарап, медициналық мекемелердің республикалық, облы­с­тық, аудандық статусына ғана емес, олар қызмет көрсететін халықтың санына, көрсете алатын медициналық қызмет түрлеріне, қолдана алатын мамандарына байланысты икемді және жұмыс істейтін стандарт жасау қажет. Халқы аз жерде қажет емес немесе сирек қолданатын, қолданылмай тұратын медициналық жабдықтарды алмау, тек қана ең төменгі шектік стандарттан өту үшін қажетсіз медициналық жабдықтарға қаржы шығындамау керек. Сонда ғана мыңдаған медициналық мекемелерде қолданылмай, мыңдаған медициналық аппараттар шаң басып қоймада бекер тұрмайды. Жан саны 360 мың болатын Сарыағаш ауданының аудандық емханасы жан саны 230 мыңдық Ұлытау облысының ауруханасынан неге кем жабдықталуы қажет?

Сонымен қатар, бұл стандарттарға тек медициналық жабдықтармен ең төменгі стандартын белгілеу ғана емес, сол жабдықтармен жұмыс істейтін, жабдықтарсыз жұмыс істейтін мамандардың ең төменгі шегін, құрылыс ауданы, техникалық-инженерлік, электрлік жүйенің ең төменгі шегін белгілеу қажет, егер медициналық мекеме аталған стандарттардың ең төменгі шегінен өтпеген медициналық мекемелердің лицензия алуына қосымша уақыт беріп, стандарттардан өтуге белгілі уақыт беру қажет, сол белгілі уақыт ішінде қажетті стандарттардан өтпесе, лицензиясын тоқтата тұруға немесе баламалы жол қарастыру қажет. Стандарттардан өткізуде бармақ басты, көз қысты болмас үшін сол медициналық мекеменің стандарттарға сәйкестігі, толық протоколды және шешімі Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жариялану қажет.

Үшінші: Жоғарыдағы стандарттардың ішінде медициналық жабдықталу, құрылыс-инженерлік жабдықталудың ең төменгі стандартына жету үшін мемлекеттік сатып алулар жүреді. Алайда қазіргі денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік сатып ауларды бюжеттік немесе міндетті медициналық сақтандыру қоры қаражатынан іске асыруда қағазбастылық, бюрократия өте жоғары.

Мемлекеттік тіркеу, техникалық және клиникалық негіздеме туралы сараптама, оңтайлы техникалық сипаттама сарапатамасы, сәйкестік сертификат, сапа сертификаты, метрологиялық өлшеуге жататын-жатпайтыны жайлы сараптама, санитарлық-­эпидемологиялық қорытынды сараптамасы, радиациялық қауіпсіздік сараптамасы, техникалық характеристикаға сәйкестік бойынша сараптама, осы аталған сараптамалар мен сертификациялар медициналық жабдықтардың, шығын материалдың, дәрі-дәрмектердің бағасының бірнеше есе өсуіне өз әсерін тигізеді. Өйткені аталған сараптамалар мен қорытындыларды алу үшін белгілі қаражатты талап етеді, әрі алу барысында уақыт, әкімшілік кедергілер, оң шешім алу, коррупциялық байланысқа итермелейтін жүйеге әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде тауардың бағасына, қолжетімділігіне әсер етеді.

Елімізге кіретін медициналық жабдықтармен техникаларға біртұтас халықаралық стандарттар ISO, IEC талаптарына сәйкес келетін, сертификатталған техникалармен жабдықтар енгізіледі. Мемлекет бір қолымен жабдықталуға, жабдық тіркелуінің көп болуына, бәсекелестік жоғары болуын қамтамасыз етеміз деп, екінші қолымен мемлекеттік экспертизациялық орталықтар арқылы тіркелетін жабдықтардың санын шектеп, бәсекелестікке кедергі жасап, нарыққа көп техникалармен жабдықтардың, көп компаниялардың жұмыс істеуіне кедергі жасамау қажет.

Төртінші: Медициналық мекемелердің жабдықталуын, техникалық базасын, мамандардың құрамын, біліктілігін, қызметін цифрландырудың жаңа заманы келді. Енді осыдан 7-8 жыл бұрынғы дамумед жүйесі қазіргі жағдайға жауап бере алмайды. Оны уақыт өзі көрсетіп берді. Дамумед арқылы жасалған жалған емдеу, ерлерді әйелдер ауруымен, әйелдерді ерлер ауруымен, бір адамның 84 тісін емдеу дегендердің бәрі дамумед жүйесінің осы заманғы талаптарға сай келмейтінін, заман талабына жауап бермейтінін көрсетеді. Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Орталық Азияда тұңғыш рет жасанды интеллекті министрлігін құрды. Бұл озық технология мен техникаларды қолдануға деген үлкен талпыныс туғызады. Олай болса, жасанды интеллектіні денсаулық саласына интеграция жасап, жасанды интеллекті қатысумен біртұтас жаңа жүйе құруды бүгін бастау қажет. Цифрландыру – тек тіркеу емес, бақылау құралы болуы тиіс, қазіргі жүйелер тек тіркеу жүргізеді, ал бақылау, талдау, шешім қабылдау жоқ. Сондықтан жаңа кезеңде цифрлық жүйе есеп жүргізетін емес, басқаруға көмектесетін жүйе болуы тиіс. Жүйе автоматты түрде бір пациентке сәйкес келмейтін ем көлемін анықтау, бір дәрігердің физикалық мүмкіндігінен тыс жүктемені белгілеу, қажетсіз анализдер мен тексерулерді көрсету, емдеу протоколынан ауытқуды белгілеу, қажетсіз дәрі тағайындау, қажетсіз шығындарды анықтау қажет.

Бесінші: Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының мөлшермен 65-70%-ы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға жұмсалады. Қаржыны көп талап ететін де – осы сала. Қазіргі жүйе бойынша дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шетелден сатып алу тек қана «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа қарасты «СК-Фармация» ЖШС арқылы жүргізіледі. Үкіметтің уәжіне сүйенсек, бұл орталықтандырылған сатып алуды, бағаның төмен, тұрақты болуын қамтамасыз ететін көрінеді. Оның да қисыны бар шығар, алайда «СК-Фармация» ЖШС Қазақстанда дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы бұйым­дарды импорттауды толық монополиялап, ашық бәсекелес­тікке кедергі келтіріп отырған жағдайлар да бар.

Монополия тек сырттан кір­гізілетін дәрі-дәрмек пен ме­ди­циналық бұйымдардың импорт­талуын ғана емес, олардың түрлерін, әртүрлі баламаларын, соның ішінде қымбат тауарлардың сипаттамасы, құрамы ұқсас, бірақ бағасы арзан баламалы тауарларды қарастыру мүмкіндігін де монополиялап алған. Жапония елінде қаржы үнемдеудің ең үлкен жолы қымбат, бренд компанияларының өніміне балама болатын, бағасы төмен, бірақ сипаттамасы, құрамы ұқсас өнімдерді таңдайды. Ал Қазақстанда «СК-Фармация» ЖШС өздері таңдаған немесе бұрыннан келе жатқан мердігерлермен келісімшартты жалғастырады. Егер бұл сала ашық бәсекеге жол ашып, ондаған бәсекелес компаниялар жұмыс істесе, Жапониядағыдай әр компания халыққа, бюджетке, өздеріне де тиімді, арзан әрі сапалы медициналық бұйымдарды іздеп, бәсекеге дайындалады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі «СК-Фармацияның» монополия­сын бұзып, бұл саланы ашық бәсекеге жіберуі қажет.

Алтыншы: медициналық аппараттар мен жабдықтардың жұмыс тиімділігін арттырып, функционалды мүмкіндігін толық пайдаланып, қызмет көрсету мерзімін ұзарту үшін медициналық жабдықтарды дұрыс, қауіпсіз, толық мүмкіндіктерін қолдануды, медициналық шығынға кететін материалдарды дұрыс, үнемді, тиімді қолдануды оқытатын, сертификаттайтын талаптар енгізіп, ауруханада медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсын міндеттеу және іске асыру керек.

Еліміздегі 1200-ге тарта үлкенді-кішілі медициналық мекемелер жыл сайын жүз миллиондаған теңгені метрологиялық тексеруге жұмсайды. Метрологиялық тексеруді қажет етпейтін, Қазақстанда оны метрологиялық тексеруден өткізе алатын аппарат жабдықтары жоқ болса да, тек сертификат үшін ғана келісімшарттар жасалып, мемлекет қаржысын текке жұмсайтын, метрологиялық тексерудің орнына калибровканы ғана қажет ететін импортталған медициналық аппараттар аз емес. Сондықтан Қазақстан стандарттау және метрология институты тізімін қайта қарап, халықаралық стандартқа сай келмейтін, метрологиялық сертификаттау үшін қажеттілік жоқ медициналық жабдықтарды тізімнен алып тастау қажет. Бір бұйрықпен бұл саланың қызметі толық шешілмейді. Бұйрық орнына «Клиникалық инженерия бағдарламасын» қабылдап, оны сынақ жоба ретінде іске асыруды қазірден бастау қажет.

Қазақстан медицинасы бүгінде екі қысымның ортасында тұр: бір жағында – халықтың өсіп жатқан сұранысы, екінші жағында – ескірген басқару тетіктері. Бұл жағдайдан шығуға косметикалық өзгерістер жеткіліксіз. Қазіргі Қазақстан – жас мемлекет санатында, балалар үлес саны мөлшермен – 32 пайыз, жұмысқа жарамды халық саны – 58 пайыз, зейнет жасындағы – 10 пайыз, алайда 2030-2035 жылдар 1960-1970 жылдарда туылғандар зейнеткерлікке шығып, зейнеткерлер жасы 15-18 пайызға дейін өсуі мүмкін. Екінші толқын зейнеткерлер жасы 2036-2045-терде 1980-1990 жылдары туған үлкен толқын зейнетке шығады. Бұл дегеннің өзі – денсаулық сақтау саласына алдағы 10-20 жылда алапат ауыр салмақ, ауыр жүк келе жатқанның дәлелі. Денсау­лық сақтау министрлігі тек бүгінгі күннің проблемасымен ғана күреспей, еліміздің демографиялық жағдайын сараптай отырып, үлкен стратегиялық жоспарлар жасап, қазіргі кездегі демографиялық мүмкіндіктерден пайдаланып, қомақты бөлініп жатқан қаржыларды тиімді жұмсап, стратегиялық жобаларды іске асырмаса, алдағы 10-20 жылдан кейін үлкен сынақ күтіп тұр. Көптеген дамыған елдерде бұл сынақтардан өткен, қазір де осы жағдаймен күресіп жатқан елдер жетеді. Сондықтан алдағы аз ғана уақытта денсау­лық сақтау саласына батыл реформалар жасап, жасанды интеллекті жүйесін осы салаға жүйелі және сапалы кіргізіп, еліміздің қалалану мен демографиялық өсу бағыт-бағдарын зерттеп, талдау жасап, алда келе жатқан қиындықтарға төтеп беретін стратегиялық жоспарлар қабылдану қажет.

Медицина – эксперимент алаңы емес. Мұнда уақыт жоғалту – үлкен тәуекел. Ал тиімді жүйе дәл уақытында қабылданған шешімдерден басталады. Стратегиялық жоспарға, жүйеге философиялық тұрғыдан жаңа көзқарас қажет: әрбір шешімді жеке дәлелдеуге емес, алдын ала есептелген, ғылыми негізделген стандарттарға анализдерге, жоспарларға сүйену қажет.

Серік МҰРАТХАНҰЛЫ,

«Ұлттық нейрохирургия­лық орталық» АҚ

медициналық жабдықтарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button