Білім

Мектеп пен әскери бөлім ынтымақтастық орнатты

Елордадағы №13 жалпы білім беретін мектеп пен ҚР Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштеріне қарасты 22750 әскери бөлімі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Келісімге мектеп директоры Гүлмира Закирина мен әскери бөлім командирі, подполковник Тимур Төстібаев қол қойды.

№13 мектеп директоры Гүлмира Закиринаның айтуынша, Арнайы операциялар күштері бөлімшесімен әріптестік орнату – білім ордасы үшін маңызды қадам.

«Меморандум аясында бізде «Жаубасар» әскери-патриоттық клубы ашылды. Ортақ іс-шараларымыз оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызды кезең болады деп сенемін», – деді ол.

Ал 22750 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Қыдырбек Төлепов бұл жұмыстың негізгі мақсаты оқушыларды зиянды әдеттерден, тәуелділіктер мен құқық бұзушылықтан қорғау екенін атап өтті.

«Өсіп келе жатқан ұрпақ – ел болашағы. Біздің мақсатымыз – жастардың өмірін дұрыс арнаға бағыттау, оларды нашақорлық пен лудомания сияқты қауіпті әуестіктерден сақтандыру, ел игілігі үшін еңбек ете алатын, жауапты әрі адал азамат етіп тәрбиелеу. Енді біз №13 мектеппен тұрақты түрде жұмыс істейміз.
Әскери қызметшілеріміз мектептің әскери-патриоттық іс-шараларына қатысады. Оқушылар біздің бөлімге барып тұрады.
Мүмкін, олардың арасында әскери іске қызығушылық танытып, болашақта Қазақстан Қарулы күштерімен өмірін байланыстыратындар да табылар», – деді ол.

Іс-шара аясында оқушылар мен әскери қызметшілердің қатысуымен әскери дефиле, қоян-қолтық ұрыс элементтері көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button