Әлеумет

«Кеттік! 65 жыл бұрын…» көрмесіне шақырады

9 сәуірде сағат 15:00-де ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Кеттік! 65 жыл бұрын…» атты архивтік-иллюстрациялық көрменің ашылуы өтеді. Аталған көрме Юрий Гагаринның Қазақстан жерінен ғарышқа ұшқанына 65 жыл толуына және ғарыш туризмінің 25 жылдығына арналады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көрменің мақсаты – адамның ғарышқа алғашқы ұшуынан бастап Қазақстан Республикасының заманауи ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи сабақтастықты көрсету, сонымен қатар әлем тарихындағы маңызды оқиғаның 65 жылдығын мерекелеу аясында ғарыш саласының ел жетістіктеріндегі рөлін көрсету, сондай-ақ Қазақстанның ғарыш мұрасын танымал етуге және саланың инновациялық дамуының мысалы ретінде коммерциялық ғарыш туризмінің 25 жылдығын жариялауға ықпал ету.

Көрменің серіктестері ретінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, оның ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы музейі қатысады.

1961 жылғы 12 сәуірде Мәскеу уақыты бойынша сағат 09:07-де Байконур ғарыш айлағынан «Восток-1» ғарыш кемесі ұшырылды. Оның бортында жас кеңестік ұшқыш Юрий Гагарин болды. Оның ғарыштағы сапары 108 минутқа созылды. Юрий Гагаринның бұл ұшуы бүкіл адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңге айналды. Ол ғарышты зерттеудің жаңа дәуірін ашып, ғылыми прогрестің символына айналды және бүкіл әлем халқын ғарышты игеру мен Жерден тыс кеңістіктегі жаңа ашылымдарға ұмтылуға шабыттандырды. Адамзаттың ғарышқа алғашқы ұшуына 50 жыл толуына орай, 2011 жылғы 7 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 12 сәуірді Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деп жариялады.

1991 жылғы 2 қазанда ғарышқа тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты. Ол 1991 жылғы 2–10 қазан аралығында ғарыш экспедициясында болды.

1994–2001 жылдар аралығында тұңғыш қазақстандық ғарышкерлердің бірі Талғат Мұсабаев ғарыш кеңістігін үш рет бағындырды. Ол бір ұшу барысында ашық ғарышта бір тәуліктен астам уақыт өткізген теңдессіз жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді. Талғат Мұсабаев 2001 жылғы 28 сәуірде Байконур ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің экипаж командирі болды. Бұл сапарға алғашқы ғарыш туристі – америкалық миллионер Деннис Тито қатысты.

Айдын Айымбетов – Қазақстанның үшінші ғарышкері. Ол 2015 жылғы 2 қыркүйекте Халықаралық ғарыш станциясына ұшып, шамамен 10 күн ғарышта болды.

Көрме екі бөлімнен тұрады:

І. «Шексіз ғарышқа алғашқы қадам» – бөлім ғылыми прогрестің символына айналған Юрий Гагариннің ғарышты игеруде жаңа дәуірді ашқан және ғарышқа алғашқы ұшуының тарихи маңыздылығын көрсетеді.

ІІ. «Қазақстан және ғарыш» бөлімінде Қазақстан Республикасының ғарыш саласынның дамуы туралы материалдар ұсынылған. Басты назарда – қазақстандық ғарышкерлер Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев және А.Айымбетовтың жетістіктері. Сондай-ақ, бұл бөлімде тұңғыш ғарыштық турист Денис Титоның ғарышқа ұшуы туралы мәлімет беріледі.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button