Ел тынысы

Білім мен бизнес ықпалдастығын күшейтетін салалық қамқоршылық кеңес құрылады

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Көлік және логистика» және «Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Жиында білім беру мен бизнес интеграциясы, сондай-ақ кадр даярлау сапасын арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отырыс барысында білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды жолға қоюға бағытталған салалық қамқоршылық кеңес құру бастамасы талқыланды.

Іс-шараға С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің, Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық колледждің, «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

«Көлік және логистика» салалық кеңесінің төрағасы Қанат Кобесов қазіргі таңда білім беру жүйесі мен еңбек нарығы талаптарының арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін атап өтті.

«Студенттер көбіне жұмысқа дайын болмай шығады. Жұмыс берушілер түлектерді жұмыс орнында қайта даярлауға мәжбүр. Бұл қосымша уақыт пен ресурсты талап етеді, кей жағдайларда үш жылға дейін созылады», – деді ол.

Оның айтуынша, бизнес жас мамандарды тартуға мүдделі болғанымен, олардың кәсіби талаптарға сәйкестігі негізгі шарт болып отыр.

«Біздің мақсат – студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету», – деді Қанат Кобесов.

Жиында бизнес өкілдерінің білім беру үдерісіне белсенді қатысуға дайын екені айтылды. Атап айтқанда, дәрістер өткізу, тәлімгерлік жасау және тәжірибемен бөлісу жоспарлануда.

Сондай-ақ кәсіпкерлер студенттерді тәжірибеден өткізуге дайын екендерін білдірді. Бұл олардың нақты өндірістік ортада кәсіби дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

«Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесінің төрағасы Майра Байдубековабұл бастаманың өзектілігін атап өтті.

«Бүгінгі негізгі мәселелердің бірі – оқу процесі мен жұмыс берушілер талаптарының арасындағы алшақтық. Бұл бастама кадр даярлау сапасын арттыруға бағытталған жаңа серіктестік деңгейін қалыптастырады», – деді ол.

Оның сөзінше, бизнес өкілдерінің білім беру үдерісіне қатысуы оқу бағдарламаларын өзектендіруге, практикалық бағытты күшейтуге, тағылымдамалар мүмкіндігін кеңейтуге және студенттердің мамандыққа бейімделуін жеңілдетуге ықпал етеді.

Бастама жоғары оқу орындары мен колледждер тарапынан қолдау тапты. Олар жұмыс берушілермен жүйелі байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында білім беру ұйымдары мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың қолданыстағы тәжірибелері қаралып, практикалық-бағдарланған оқыту моделіне көшу қажеттігі айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар білім беру мен бизнес интеграциясы бойынша жол картасын әзірлеуге, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейтуге, студенттердің салалық іс-шараларға қатысуын кеңейтуге уағдаласты.

Сонымен қатар бұл өзара іс-қимылды нормативтік тұрғыда бекіту мәселесі қарастырылуда.

Ұсынылған шараларды іске асыру студенттерге оқу барысында тәжірибе жинақтауға және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button