Қазақстанда судьялар саны артып, кадр тапшылығы азайды
ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанованың айтуынша, былтыр 151 жаңа судья тағайындалды. Нәтижесінде кадрларды толықтыру деңгейі 97,5%-дан 131,3%-ға дейін артты. Бұл сот жүйесінде алғаш рет кадрлық шығынның орнын толықтырып қана қоймай, таза өсімге қол жеткізілгенін көрсетеді. Сонымен қатар Кеңес соңғы бес жыл бойы үміткерлердің болмауына байланысты толықтырылмай келген 64 ваканттық лауазымды алғаш рет толықтырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«2025 жылғы оң нәтижелер 2026 жылы да өз жалғасын тапты. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 2 наурыздағы Жарлығымен 128 аудандық сот судьясы тағайындалды. Соның нәтижесінде бос лауазымдар саны 230-ға дейін қысқарды», — деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Бұдан бөлек 41 кандидат арнайы тексерулерден өтіп, соттарда тағылымдамадан өтіп жатыр. Оларды тағайындау нәтижесінде бос лауазымдар саны 189-ға дейін азаяды деп күтілуде. Осылайша, кадрлық жағдай тұрақтану кезеңіне өтті деп сенімді түрде айтуға болады.



