Ел тынысыСаясат

Студенттерге жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Астанадағы К.Байсеітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде елдегі конституциялық реформаларды және алдағы референдум маңызын түсіндіру мақсатында студенттермен кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов, тележүргізуші, заңгер Сәнді Сұлтан және Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, елордалық Мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жаңа Конституция жобасының негізгі мазмұнына тоқталып, құжатты әзірлеуге сан сала мамандарының, қоғам қайраткерлерінің, белсенді азаматтардың қатысқанын атап өтті.

– Ата Заңның өзгеруі – аяқ асты болатын шешім емес, әр мемлекеттің дамуымен келетін маңызды қадам. Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке өмірге қол сұқпау, дербес деректердің қауіпсіздігі айтарлықтай күшейтілді. Яғни мемлекеттік міндеттемелер де, әр азаматтың құқықтары мен міндеттері де нақты айқындалған, – деді Сенат депутаты.

Ал елордалық Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфухар Ғайыпов жаңа Конституцияда адал еңбек, жоғары адамгершілік және отансүйгіштік сынды құндылықтар көрініс тапқанын атады.

– Озық ойлы ұлт боламыз десек, өзгермелі әлемде көштен қалып қоймауымыз керек. Әсіресе, жас буынның қоғамдағы өзгерістерге азаматтық белсенділік танытуы маңызды.  Жаңа Конституция жобасында кіріспе Преамбула толықтай жаңартылды. Онда халқымыздың өткенін бейнелейтін және бүгіні мен болашағына бағдар беретін жалпы ұлттық құндылықтар көрініс тапқан, – деді З.Ғайыпов.

Жиында жаңа редакциядағы Конституцияның өзге де баптарының ерекшеліктері кеңінен айтылды. Спикерлер алдағы тарихи кезеңге қадам басар тұста Ата заңдағы әрбір өзгерісті азаматтардың толық білуі керектігін атап өтті.

Индира Бержанова

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button