Астана колледжіндегі ауқымды істер

Елордадағы М.Тынышпаев атындағы Астана ALT көлік колледжінде «Кәсіпорын мен колледждің өзара іс-қимылының жаңа форматы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға теміржол және көлік саласының жетекші кәсіпорындарының өкілдері, әлеуметтік серіктестер, сала ардагерлері мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сарапшылары қатысты.
Кездесу былтырғы Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы аясында ұйымдастырылып, кадрларды практикалық-бағдарлы даярлау мәселелерін талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды. Жиынға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Асан Үмбетов бастаған бір топ теміржолшылар, «Қамқор Локомотив» ЖШС, DAR RAIL, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, ҚазАвтоЖол, TALAP және Alstom компанияларының басшылары мен өкілдері келіп, ауқымды күрделі жөндеуден өткен, жаңартылған колледж ішін аралап, білім беру процесімен танысты.
— Болашақ теміржолшылар мен басқа да кәсіптік маман иелерін тәрбиелей отырып, колледж бен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, білім беру үдерісін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру және студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған тиімді тетіктерді айқындау жолында жұмыс жүргіземіз. Сол себепті оқу орнында мамандарды даярлаудың заманауи моделі қарастырылады. Бұл модель бойынша оқу үдерісі нақты өндірістік жағдайларға барынша жақындатылған: дуалды оқыту жүйесін енгізу, яғни 3 күн теория – колледжде, 2 күн практика – кәсіпорында өтеді, сабақтарды нақты өндірістік жабдықтарда өткізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге кәсіпорындардың қатысуы, тәжірибелі мамандарды тәлімгер ретінде бекіту, өндірістік практиканы тікелей жұмыс орындарында ұйымдастыруға басымдық беріледі. Әсіресе «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және басқару» мамандығы бойынша кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылады. Студенттер станцияларда тәжірибеден өтіп, СЦБ құрылғыларымен, релелік шкафтармен және заманауи сигнал беру жүйелерімен жұмыс істейді. Осы ретте бізге тәжірибе алаңы және түлектерімізге жұмыс беруші ретінде қолдау көрсетіп келе жатқан ҚТЖ компаниясына алғыс білдіреміз, — деді колледж директоры Әлішер Жұмаділдин.
Іс-шара аясында «Еңбекті қорғау» кабинеті салтанатты түрде ашылып, ол көрнекті теміржолшы Казезкан Жұматаев есімімен аталды. Кабинеттің ашылу рәсіміне оның ұлы «Қамқор Локомотив» ЖШС бас директоры Алтай Жұматаев арнайы келді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа кабинет болашақ мамандардың тәжірибелік даярлығын күшейтуге бағытталған.
-Нағыз әлеуетті теміржолшылар даярлайтын бұл оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатып, оқу бағдарламасына, тәжірибелік жұмыстарға қолдау білдіру мақсатында бірлескен іс-шараларымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Теміржолда барлық еңбек адамына қолайлы еңбек жағдай жасалуы керектігін үнемі айтамын, сол сияқты оқу орнында да студенттер үшін олар оқуға ынталы болатындай ахуал қалыптасқаны жөн. Осы ретте бұл колледжге алғаш келіп тұрып, сол талаптарға сай келетін жұмыстар жүргізілгеніне көзім жетті, — деді Асан Үмбетов.
Оқу корпусының 3-4 қабаттарында «Теміржол көлігін пайдалану және техникалық қызмет көрсету» тақырыбында шеберлік сабағы ұйымдастырылып, қонақтар колледждің материалдық-техникалық базасымен және студенттердің практикалық даярлығымен танысты. Кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар дуалды оқытуды дамытуға, өндірістік практиканы кеңейтуге және түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған бірлескен жұмысты нығайтады.



