Ел тынысы

10 жыл көтерген мәселе шешіледі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Нормалар негізгі үш бағытты қамтиды. Қысқаша тоқталайын. Бірінші бағыт – ғылым. Ғалымдарымыздың он жылдан астам уақыт көтерген проблемасын шешетін нормалар енгізілді.

Бүгінде ғы­лымды қар­жыланды­руда үлкен мәселе бар. Ғылыми гранттар негізінен үш жылға, яғни 36 айға жоспарланады. Алайда конкурстық рәсімдерінің созылуына байланысты, іс жүзінде  ғылыми жоба алғашқы жылы, қаңтарда емес, тіпті жылдың соңына қарай басталады. Соның салдарынан ғалымдар зерттеуді толық үш жыл емес, шамамен екі жыл ғана жүргізеді. Ал бұл ғаламдардың қолына түсетін қаржыландыру көлемінің де қысқаруына әкеледі.

Енді, біз ұсынған нормаларға сәйкес, ғылыми жобаның бастау мерзімі автоматты түрде қаңтар айынан емес, нақты сол келісімшарт жасалған күннен бастап белгіленуі тиіс. Сәйкесінше, ғалымдар енді бөлінген қаражаттың 70-80 пайызын емес, толығымен 100 пайызын алып, жоспарланған уақыты да 100 пайыз пайдаланып, сапалы зерттеуді жүргізуге мүмкіндік ашылады.

Екіншіден, заң жобасы аясында біз Ұлттық ғылым академиясының жұмысын тежеп тұрған бірнеше мәселені шешеміз.  Оның квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесін заң жүзінде бекітеміз. Бұл академияның мүлкін қалыптастыру тәртібін нақты реттеуге, басқару тетіктерін жүйелеуге және тұрақты қаржыландыру көздерін айқындауға мүмкіндік береді. Ғылым академиясы үшін бұл өте қажет өзгерістер.

Үшіншіден, ғылыми жобалар бойынша конкурс нәтижелерін жариялау мерзімдері заңмен нақты регламенттеледі. Қазіргі таңда бұл мерзімдер айқын бекітілмегендіктен, рәсімдер жиі созылады, ал ғалымдар белгісіздік жағдайында қалады. Біз рәсімдерді уақытылы өткізіп, конкурс нәтижелерін белгіленген мерзімде жариялауды міндеттейтін нормаларды енгіземіз.

Төртіншіден, қазіргі таңда мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылым докторлары 56 күндік ақылы еңбек демалысын алады. Ал жекеменшік ұйымдарда ондай міндет жоқ, сондықтан көбі 30 күнге жуық еңбек демалысына шығады. Енді біз мемлекеттік тапсырыс­ты алатын жекеменшік ғылыми ұйымдарда дәл осы 56 күндік демалыс беруді ұсындық. Ғылым – ортақ, талап та ортақ, құқық та тең болуы тиіс.

Бесіншіден, ғалымдардың құқықтық мәртебесі бойынша мәселе. Ғалым­дардың қызметін дербес жоспарлауына, нәтижелерін еркін жариялауына, академиялық еркіндігіне байланысты құқықтары бойынша нақты нормалар бекітіледі.

Алтыншы. «Ұжымдық пайдаланылатын зертханалар» тетігі енгізіледі. Бұл норма бюджет есебінен сатып алынған ғылыми инфрақұрылымды тиімді әрі баршаға қолжетімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Мысалы, бір университетте заманауи зертхана бар, ол зертхана Қазақстанда немесе тұтас өңірде біреу ғана, қазір оны негізінен тек сол ұйымның ғалымдары ғана пайдалануда. Енді осы заңда, дәл осындай зертханаларды басқа да ғалымдар үшін қолжетімді ету үшін, арнайы Ұжымдық пайдалану зертханалары деген ұғым және тиісті механизм енгізілуде. Сонда кез келген ғалым арнайы ақпараттық жүйеден қай жерде қандай зертхана бар, ол қай уақытта бос, қалай ол жерде зерттеу өткізуге болатынын біліп, осы ғылыми инфрақұрылымды тиімді пайдаланатын.

Жетінші. Республикалық немесе халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарына қатысатын дарынды балалар үшін ғылыми ұйымдардың, университеттердің зертханалары толық қолжетімді емес.  Енді осы заң жобасымен, министрлік бекіткен тәртіпке сәйкес, осы дарынды балалар, пән олимпиадалары бойынша ұлттық құрамалар үшін, мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану құқығы беріледі. Бұл – дарынды балалар үшін үлкен қолдау.

Сегізінші. Ғылымды қар­жыландыру жүйесінде жауапкершілік пен мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды қаржыландыру бойынша шешімдерді, қай жоба қанша қаражат алады, қай жоба қолдау табады, осының бәрін шешетін  Ұлттық ғылыми кеңестер. Ал Ғылым комитеті, қолданыстағы заңға сәйкес осы шешімді тек бұлжытпай орындау керек.  Алайда миллиардтаған қаржыға қатысты уәкілетті органның нақты жауапкершілігі де, бақылау функциялары толық айқындалмаған. Енді Ұлттық ғылыми кеңестер ғылыми жобалар бойынша шешім қабылдап Ғылым комитетіне ұсынады, ал уәкілетті орган оның заңға сәйкестігін бақылап, бекітеді. Мемлекеттің қаражаты бар жерде – мемлекеттік жауапкершілік болуы тиіс.

Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button