Ел тынысыСаясат

Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде мәлімдеме жасалды

Бүгінгі мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптар жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы, 16 ақпаннан бастап ел аралап, қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, Жаңа Конституцияны талқылауда. Коалицияның мүшелері бірнеше күннің ішінде еліміздің тоғыз өңірін аралап, мыңдаған кездесу өткізді.

— Коалиция мүшесі ретінде мен де бірнеше өңірді аралап қайттым. Бір мәселені ашық айтуымыз керек, тек соңғы 7 жылда еліміз отыз жылда ойға келмеген, іргелі және маңызды өзгерістерді бастан өткерді. Президенттің бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті, жүзеге асты. Оған қоса, 2022 жылы қабылданған конституциялық реформаның орны ерекше. Бірақ соңғы жылдар-дағы, елдегі ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы, мемлекеттің басты құжатын, қайта қарауды өзекті етті. Былтыр біз қолданыстағы Конституцияның 30 жылдығын атап өттік. Отыз жылда оның қанша өзгертулер мен толықтыруларды бастан кешіргенін білетін көптеген заңгерлер Ата Заңның жаңадан қабылдануын қолдап отыр, — деді ол.

Сондай-ақ ол кездесулерде көтерілген негізгі сұрақтарға тоқталып өтті.

— Сонымен нақты нормаларға келетін болсақ, Құрылтай атауы, пропорционалды сайлау жүйесінің тиімділігі, Халық кеңесінің құзыреті секілді мәселелер ақпарат кеңістігінде де, халықпен кездесулерде де кеңінен айтылып-жазылып жүр. Сондықтан оларды тағы да қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Халықты мазалаған тақырыптың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету мәселесі. Жекелеген азаматтар тарапынан, «халықтың білім алу, дәрігер көмегіне жүгіну сияқты әлеуметтік сұранысы, енді тек ақылы түрде болады-мыс» деген жаңсақ, яғни фейк ақпарат айтылуда. Ал шын мәнінде, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған, және бола да береді. Бұл Жаңа Конституция жобасында да шегелеп жазылған. Оның айқын көрінісі – мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағыт-тала-тын-дығы. Сонымен қатар, Ата Заңның 1-бабы «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқындайды. Жаңа Конституция жобасында, бұл қызметтер де ақы төлемей алатын қызмет деп анық жазылған, сәйкесінше денсаулық сақтау мен білім беру саласында азаматтардың мүмкіндіктері одан сайын кеңейеді деп айта аламыз. Бұл қызметтер ақысыз деп айтылғанымен, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады. Тағы қайталап айтайын, білім мен медицина азаматтарымыз үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді. Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияда жазылған, «мемлекеттік» жоғары оқу орындары деген сөзді алып тастау ұсынылған. Бұл дұрыс шешім. Неге? Өйткені бүгінгі таңда мемлекеттік гранттар арқылы, студенттер тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында тегін жоғары білім ала алады. КИМЭП, Мақсут Нарикбаев Университеті, Тұран сияқты университеттер жеке меншік болса да, грантты ұтып алған студенттерімізде сол университеттерде де грантпен оқуға мүмкіндіктері болуы тиіс. Осылайша, ұсынылып отырған нормалар, аталған әлеуметтік кепілдітерді қысқартуға емес, оларды негізгі заңда заманауи әрі нақты түрде бекітуге бағытталған, — деді спикер.

Ол сондай-ақ азаматтардың негізгі әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу жөніндегі барлық бұрынғы кепілдіктері толық көлемде сақталатынын айтты.

— Бұны да халықпен кездесулерде егжей-тегжейлі түсіндірдік. Қоғамдық ортада жиі айтылып жүрген тағы бір тақырып –сөз бостандығына қатысты. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілген. Және де сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара жігі нақты ажыратылған. Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты жағымсыз пікір білдіруге болады. Біз де бұл жерде біршама лауазымды тұлғаларды қатты сынаймыз. Ол дұрыс. Дегенімен, ешкімді кемсітуге, қорлауға болмайды. Әр адамның ар-намысын мемлекет қорғауы керек деген қағида – маңызды. Негізі, егер мұқият қарасақ адамның абыройы мен ар-намысын қорғау, зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салу, қолданыстағы заңнамада бұрыннан бар.Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл. Даулы тақырыпқа айналған тағы бір мәселе – арнайы құқықтық режим енгізу. Бұл тақырып, әлі де түрлі сұрақ тудыруда (5-бап, 6-тармақ). Бұл тұрғыда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы – мызғымас әрі ең басты құндылық екенін біз қоғамдық ортада жалықпай айтуымыз керек. Арнайы құқықтық режимдерді Конституция деңгейінде бекіту – елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған қадам. Мұнда мемлекеттің унитарлығы және де мемлекеттің толық бақылауы сақталады. Біз тіпті қазір, ғылыми қалашықтар туралы арнайы заң жобасын қарап жатырмыз. Сол қалаларда да арнайы ортаны қалыптастыру, ғылымды дамыту бойынша жағдай жасау туралы ұсыныстарды бердік. Жалпы, бұл жүйе, инвесторларға заманауи жұмыс орындарын құру, қолайлы көлік желісін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды салу міндетін жүктейді. Яғни ол өз кезегінде, тиісті өңірлерде, халықтың өмір сапасының тікелей жақсаруына әкеледі. Арнайы режим – ірі жобалар үшін техникалық кепілдік. Алатау қаласы немесе Астана қаржы орталығы деңгейіндегі жобалар, ұзақ мерзімді және ауқымды инвестицияларды талап етеді. Ал қарапайым заңдар болса — бюджет тапшылығы немесе саяси конъюнктура өзгерген жағдайда оңай түзетілуі мүмкін.
Ал конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер инвесторға «ойын ережелері» 5-10 жылдан кейін өзгермейтініне нақты сенім береді. Қорыта келгенде, Жаңа Конституцияда – заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылған,- деді А.Аймағамбетов.

Референдумға аз уақыт қалды. Осы ретте спикер ауыл-аймақты аралап, халықпен кездесіп жүрген басқа әріптестерді, осы Парламент мінбері арқылы қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандыратын мәселелерге өз бағыттары бойынша түйінді мәлімет беруге шақырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button