Ел тынысыСаясат

Филармония ұжымымен кездесті

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында елорданың мәдениет саласы өкілдеріне жаңа Конституциялық жобаны түсіндіру, пікір алмасу жиыны өтті. Кездесуге «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабы мүшелері қатысып, алдағы конституциялық реформаның мән-маңызын талқылады.

Өнер адамдарымен кездесуге аталған коалицияның Астана қалалық штабының төрағасы Ерлан Каналимов, мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Астана қалалық мәслихатының депутаты Ғабит  Тәжімұратов, Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, «AMANAT» партиясы елордалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек қатысты.

— Елордада мәдениет саласында бүгінде 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар – өнердің өрісін кеңейтіп, сахна шырағын сөндірмей келе жатқан артистер мен музыканттар, режиссерлер мен жазушылар, театр актерлері мен концерттік ұйымдардың мамандары. Қаланың рухани келбеті, жан дүниесі мен үні – осы жандардың маңдай тері мен шығармашылық ізденісінің жемісі. Сол зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншікті қорғау тетіктері нақтыланып, сондай-ақ мәдениеттің ұлттық бірегейлікті айқындап, елдің халықаралық беделін нығайтудағы рөлі күшейтілгенін атап өттім. Сала өкілдеріне кәсіби ұстанымы, белсенділігі және елордамыздың өркендеуіне қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін!- дейді Е. Каналимов.

Штаб өкілдері 1995 жылғы қазіргі Конституцияны не бары 9 адам жасап шығарған болса, жаңа Конституция жобасын әзірлеуге 130 адам қатысқанын атап өтті. Сонымен қатар оны әзірлеу үдерісі, талқылау бәрі ашық, халықтың көз алдында тікелей эфирде өткізілді. 6 ай ішінде халықтан келіп түскен ұсыныстар мен өтініштер әбден ой елегінен өткізіліп, ең тиімділері заң баптарына енгізілген.

-Әділетті, ашық әрі халық үні естілетін мемлекет құру — бәрімізге ортақ мақсат. Мәдениет — ұлттың рухы. Ал рухы мықты елдің болашағы да берік. Осы ретте еліміз үшін маңызды кезеңде жаңа Конституцияны қолдау бағытындағы үгіт-насихат жұмыстары аясында мәдениет қызметкерлерімен бірге жаңа құжат туралы ой бөлістік. Қашан да еліміздің даңқын халықаралық ареналарда асқақтатып жүретін өнер адамдары мұндай ел үшін маңызды саяси оқиға кезінде оған белсенді атсалысып, референдумнан тыс қалмайтынына сенім білдірдім, — дейді Ғ. Тәжімұратов.

Өзге де спикерлер Конституциядағы баптар мен тармақтардың бұрынғы заңнан артықшылықтары мен маңызды бағыттарын түсіндіріп, мәдениет қызметкерлері үшін алғаш рет заңмен бекітілген тиімді тұстарына тоқталды.

-Мәдениет саласының өкілдеріне адам құқықтарының басымдығы, әділеттілік қағидаттары және алдағы стратегиялық бағыттар кеңінен түсіндірілді. Еңбек ету, лайықты еңбекақы алу, білім алу, ой бостандығы мен жеке таңдау еркіндігі секілді негізгі құқықтардың Ата Заң деңгейінде бекітілуі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар мәдениет саласының қоғамдағы рөліне айрықша назар аударылды. Шығармашылық еркіндікті қорғау, мәдени мұраны сақтау және өнер иелеріне қолдау көрсету елдің рухани дамуының негізгі тіректерінің бірі екені де айтылды, — дейді М. Болысбек.

Штаб мүшелері алдағы референдумда ауызбірлік пен жауапкершілік танытып, барша ұжым мен олардың жақындарын бірауыздан дауыс беру үшін өз сайлау учаскелеріне келуге шақырды. Халық арасынан сөз алған танымал әнші Майра Ілиясова және басқа да өнер тарландары кездесудің мән-маңызын жоғары бағалап, бұл өрелі істен тыс қалмайтынын жеткізді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button