
ҚР Жапониядағы елшілігінің ресми сайтында Қазақстанда 15 наурызда өтетін референдумға байланысты осы елде жүрген қазақстандықтардың қалай дауыс беруіне болатыны туралы ақпарат жарияланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Құрметті Отандастар!
2026 жылғы 15 наурызда (07:00–20:00, Токио уақыты) Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігі жанындағы №425 сайлау учаскесінде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтеді.
Егер Сіз дауыс беру күні 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, республикалық референдумда дауыс беруге құқығыңыз бар.
Дауыс берушілер тізіміне енгізу үшін Жапония аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын, қолданыстағы Қазақстан Республикасы азаматының паспорты бар азаматтардың келесі деректерді: аты-жөні, ЖСН, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, байланыс нөмірі және электрондық пошта мекенжайын k.beisenov@mfa.kz поштасына «Республикалық референдум» белгісімен алдын ала жолдауы қажет.
Қосымша ақпарат: +81335891826
Азаматтық ұстанымыңызды білдіруге шақырамыз!» делінген елшілік жариялаған ақпараттық мәлімдемеде.



