Ел тынысыСаясат

Жаңа Конституцияның қабылдануы денсаулық сақтау жүйесінің орнықты институционалдық негізін қалыптастырады

Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары, медициналық мекемелер жетекшілері мен салалық сарапшылар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Жаңа Конституцияның қабылдануы сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке әрбір азаматтың құқығын бұлжымас мемлекеттік кепілдік ретінде бекітіп, денсаулық сақтау жүйесінің орнықты институционалдық негізін қалыптастырады.

Сондай-ақ Аида Балаева дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қолдау мемлекеттік саясаттың тұрақты басымдықтарының бірі болып қала беретінін ерекше атап өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесіне арнайы тоқталды. Ол Мемлекет басшысының қолданыстағы барлық ақпараттық платформаларды біріктіретін Бірыңғай дерекқор құру жөніндегі тапсырмасын сапалы әрі толыққанды іске асырудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Аида Балаева бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігіне баса назар аударды.

Премьер-Министрдің орынбасары БМСК жүйесін дамыту бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды, профилактикалық тексерулердің тиімділігіне бақылауды күшейтуді және балалар денсаулығын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

Бұл жоспар гигиена мен дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудан бастап, ауруларды ерте диагностикалауға дейінгі барлық бағыттарды қамтуы тиіс.

Отырыс барысында қоғамдық денсаулық мәселелері де жеке қаралды. Атап айтқанда, зиянды өнімдер мен фастфудты жарнамалауды шектеу, сондай-ақ вакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелеріне тоқталған Аида Балаева әрбір ана өлімі дерегі бойынша жан-жақты сараптама жүргізіліп, лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі нақты айқындалуы тиіс екенін атап өтті.

Үкімет басшысының орынбасары балалар денсаулығы мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналуы керектігін айтып, оны одан әрі дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

Алқа жиынында жан-жақты талқыланған тақырыптың бірі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі болды. Аида Балаева өмірлік маңызы бар препараттардың емханалар мен ауруханаларға, әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендерг, уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ дәріханалардағы баға қалыптастыру тетіктеріне тиімді бақылау орнату, үстемақылардың ашықтығын қамтамасыз ету және дәрілік заттар құнының негізсіз өсуіне жол бермеу міндеті қойылды.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрінің есебі тыңдалды. Ақмарал Әлназарова 2026 жылға жүктелгенміндеттерді іске асыруға бағытталған операциялық шаралар жоспарын таныстырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button