Мәкәлімнің музыкасы

Биыл – белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мәкәлім Қойшыбаевтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі концерт өткізді.
Өнер бойына әке қанымен сіңген Мәкәлімнің әкесі Қойшыбай Бозжанов өз кезінде еліміздің батыс өңіріне белгілі домбырашы болса, ағасы Ғалым Қойшыбаев Құрманғазы оркестрінің алғашқы мүшелерінің бірі еді. Мәкәлім де осы жолмен кетіп, бар болғаны 13 жасында осы оркестрге қабылданды. Сонда Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров сынды танымал күйшілердің тәлімін көрді.
Ерекше атап өтерлігі, Мәкәлім Қойшыбаевтың өңірлердегі өнер ұжымдарының аяққа тұрып, қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. 19 жасында Қостанай облыстық, одан соң Ақтөбе облыстық филармониясына жіберілді. Сонда музыкалық білімі де жоқ еді. Содан кейін ғана Алматы музыкалық училищесін, соңында Құрманғазы консерваториясын бітірді. Студент кезінде ұлы Абайдың «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» өлеңіне ән жазды. Бұл туындының алғашқы орындаушысы – атақты әнші Ришат Абдуллин. Одан кейін осы әнді композитордың құрдасы, Халық әртісі Ермек Серкебаев шырқады.
Жалпы Мәкәлім Қойшыбаевтың мұрасы әртүрлі музыкалық жанрды қамтиды. Ол – әндер мен романстармен қатар «Құрманғазы», «Мәншүк», т. б. симфониялық поэмалардың, симфониялық және камералық оркестрлер мен ұлт аспаптар оркестріне арналған шығармалардың, хорға, әртүрлі музыкалық аспаптарға арналған туындылардың, спектакльдерге жазылған музыкалық шығармалардың авторы. Соның ішінде Ілияс Есенберлиннің «Таудағы тартыс», Шахмет Құсайыновтың «Алғашқы ұшқындар» мен «Сертке – серт» пьесалары бойынша сахналанған қойылымдарға музыка жазды.
Мәкәлім Қойшыбаев – «Қазақконцерт» бірлестігінің бастауында тұрып, осы концерттік ұйымның негізін қалағандардың бірі. Осы ұйым құрылғанда, көркемдік жетекші болып тағайындалды. Одан соң Қазақ филармониясының (қазіргі Жамбыл атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы) музыкалық редакторы болды. Құрманғазы консерваториясында еңбектенді. Он жылға жуық уақыт өзі оқыған П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищені басқарды.
Оның ғасырлық мерейтойына арналған елордадағы кештің басты жаңалығы – ұлт аспаптар оркестріне арнайы жазылған үш бөлімді симфония Астанада алғаш рет орындалды. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі, бас дирижері – Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов, дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) бұл туындыны әсерлі етіп жеткізді.
Өз кезінде Мәкәлім Қойшыбаевтың әндерін Жүсіпбек Елебеков, ағайынды Абдуллиндер, Бақыт Әшімова, Венера Қармысова, Ескендір Хасанғалиев, Люция Төлешова, Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды өнер майталмандары әуелетті. Осы кеште астаналық филармония солистері сол туындыларды жаңғыртты. Концерт соңында республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев жылы лебізін жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



