Басты ақпаратМәдениет

Ғалым. Ғылым. Ғибрат

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Сарыбаевтың ғылыми еңбектерінің таныстырылымы мен тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» атты ғылыми-прак­тикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, Ұлттық академиялық кітапхана, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған іс-шараны академик Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді.

Өткен жылы Шора Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толды. Кәрімбек Арыстанбекұлы ғалымның ғасырлық мерейтойына орай атқарылған жұмыс­тар туралы баяндады. Соның ішінде академиктің 100 жылдығына тарту ретінде «Ғалым. Ғылым. ­Ғибрат» кітабы жарық көргенін атап өтті. Бұл еңбек халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасы және қаржылай қолдауымен әзірленді. Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасын талдау және бағалау мақсатында мұнда белгілі тілтанушы ғалымдардың мақалалары, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері және ой-толғамдары топтастырылған. Осы еңбекке филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова тоқталды.

Сондай-ақ былтыр «Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» атты қос томдық шықты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған бұл еңбектің І томында диалектология, лексикология және лексикография салалары, ал ІІ томында қазақ тіл білімінің тарихы, тіл мәдениеті, грамматика, лингводидактика, терминология, емле мәселелері және стилистика салалары қамтылған. Бұл жөнінде аталмыш институт директоры Анар Фазылжан баяндады.

Жиында Ғылым және жоғары білім министр­лігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов лебізін жеткізді.

Ұлттық академиялық кітапханада 2021 жылы «Ш.Сарыбаев кітап қоры» құрылды. Мұнда 5 мыңнан астам құнды әрі сирек кітаптар жинақталған. Енді бұл қор толығып отыр. «Шам-Шырақ» ғылым, білім мен өнер мирасын қолдау қорының өкілі Қайрат Сарыбай «Ш.Сарыбаев кітап қорына» сый-тарту рәсімін жасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button