Басты ақпаратМәдениет

Өнер, өлең және өмір

Былтыр Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының елорда филиалы қолға алған «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясындағы әдеби дәрістер биыл да жалғасты. Жылқы жылындағы алғашқы дәрісті көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай «Өнер, өлең және өмір» тақырыбында оқыды.

Жазушылар одағы қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлының айтуынша, осы жылы да аталмыш жоба шеңберінде өткен жылдағыдай 12 дәріс оқылады. Ерекшелігі, астаналықтар ғана емес, өңірлерде тұратын және бауырлас елдердегі қаламгерлер де қамтылады. Мәселен, алдағы наурыз айында ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Сұлтан Раевты шақыру жоспарланған.

Ғалым Жайлыбай алдымен кітап көп оқылмайтын қазіргі заманда «Қаламгер ұстаханасы» жобасының оқырмандар мен жұртшылық үшін үлкен маңызын атап өтіп, жобаға қолдау көрсеткен Астана қаласының әкімдігіне, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына алғыс айтты. Одан соң тікелей дәріс тақырыбына көшіп, ХХІ ғасыр күллі құндылықтардың қайта сарапталатын уақыты екенін айтып өтті.

«Адамзат санасы жаңғырып, жаңа биікке көтерілетін кезде оның рухани қажеттілігі де кемелденіп, түрленуі – заңдылық. Өнер атаулының шырқау шыңы саналатын сөз өнері де күрделі трансформация кезеңінде. Ақ пен қараның, ізгілік пен зұлымдықтың, руханият пен рационалдық сананың тартысы күшейген бүгінгі заманда өнердің ізашары – өлеңнің мазмұнына тоқталайын» деген ақын өнер атты құбылысқа бірқатар заман ойшылдарының берген әртүрлі анықтамасына тоқталды. Антикалық дәуірден тартып, өнердің өмірге әсері туралы әңгімеледі. Қазақ ақындық өнерінің бастау арнасы, асыл өзегі арғы арналардан алатынын жеткізді. Жыр ауызекі әңгімеден, тасқа қашалған дастандардан басталатынын, оның танымы, тәлімі мен тағылымы жөнінде әңгіме өрбітті.

«ХХ ғасырдың 70-80-жылдары – қазақ әдебиеті үшін олжалы кезең. Кеңес билігінің іргесі сетінеп, азаттық арманының кернеуі күннен-күнге күшейе түскен тұста біздің қатарларымыз да өнер, өлең өлкесіне келді. Ұлттық рухқа суғырылған жас ақындар өнер кеңістігінде елеулі деңгей көрсете білді деп ойлаймын. Жаңа мазмұн, өзгеше пішінде құрылған эксперименттер арқылы сол уақыттағы жабық тақырыптарға қаймықпай қарсы шықты» деген Ғалым Жайлыбай бұл қатарда Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев есімдерін атап өтіп, өзінің буыны солардың ізін басқанын, аттары аталған ақындардың және олардың алдындағы сол уақытта қазақ поэзиясының бақанын көтеріп, керуенін бастаған Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Қадыр Мырза Әлі, Олжас Сүлейменов өздеріне үлкен әсерін тигізгенін айтты.

«Шын мәнінде, өлең деген, поэзия деген – ғайып дүние. Оны аян десеңіз де, шабыт десеңіз де, болмаса пайғамбарлық уахи десеңіз де болады» дей келе, ақындардың көтерер жүгіне тоқталды. Мысал ретінде қоғам рухымен ұштасқан Дантенің «Құдіретті комедиясын», Гетенің «Фаустын» келтірді. Інжілдегі «Содом мен Гоморра» баяны жайында, оның әдебиетке әсері жөнінде әңгімелей келе, өзінің осы тақырыптағы поэмасы туралы, бұл тақырыпқа қалай келгені, ізденістері жайында сөз сабақтады. Туындының тәрбиелік мәні жөнінде айтты.

Осы шығарманы не үшін жазғанын «Ақ пен қараны ажырата білу өмірдің басты мақсатына жетудің алғышарты болуы керек. Ақты қара, қараны ақ деп білген адам нағыз соқыр, ғаріп, ғапыл адам болады» деген сөзімен түсіндірді.

Ғалым Жайлыбайдың әлемнің 23 тіліне аударылған «Қара орамал» атты поэмасы бар. Бұл шығарма Стокгольмде өткен әдеби байқауда бәйге алды. Автор ҚарЛаг, АЛЖИР қасіреті туралы сыр шертетін осы туынды туралы әңгімеледі.

«Кез келген өнердің түрі адам­ның жаны үшін жасалады. Өмірдің шындығынан алыс кетсе, өнердің құны арзандайды. Қаламгердің де, суретшінің де негізгі алатын нысанасы адамның өзі болуы керек. Автор-оқырман-жұрт арасындағы байланысты күшейту үшін де біздің әдебиетімізді, біздің өлеңімізді, қазақ көркем ойын жасап жүрген қанаттас, қаламдас әріптестерім осы тұрғыда еңбек ету керек деп ойлаймын» деп түйіндеді дәрісті Ғалым Жайлыбай.

Дәріс соңында ақынға сұрақтар қойылды. Ақынның өзі де, қатысушылар да өлеңдерді оқыды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button