Білім

Заманауи колледж моделі

Астана бүгінде мегаполис қарқынымен дамып келеді: құрылыс көлемі артып, цифрлық қызметтері кеңейіп, турис­тік инфрақұрылым мен бизнес ортасы нығаюда. Қаланың ұлғаюымен бірге адам санының артуына байланысты маман даярлау жүйесі де өзгеруде – ертең-ақ технологиялық шешімдер жасап, креативті индустрияларда еңбек етіп, қызмет көрсету саласын дамытатын мамандар қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы кезеңнің негізгі бағыттары айқындалды: экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, инфра­құрылымды жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу, сондай-ақ білім мен ғылымды одан әрі дамыту. Бұл тезистердің мәні – экономика мен білімнің тікелей байланысында. Елге жаңғыру қажет болса, демек жаңа типтегі мамандар қажет. «Диплом үшін» емес, нақты құзыретке ие, технологиямен жұмыс істей алатын, жобалайтын, деректерді талдайтын, өндіріс пен қызмет көрсету үдерістерін іске қоса алатын, сұранысқа ие өнім жасайтын кәсіби кадрларға сұраныс артып отыр. Сондықтан кәсіби білім беру бүгін жай ғана «мектептен кейінгі саты» емес, яғни дамудың стратегиялық ресурсына айналды. Осы тұрғыдан «Astana Polytechnic» тәжірибесі ерекше: колледж даярлықты еңбек нарығының нақты сұранысына және ең жылдам өзгеретін салаларға сүйене отырып құрады. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Астана қаласы мен елдің өзекті қажеттіліктеріне бейімделген жаңа мамандықтардың ашылуы. Олардың қатарында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйе­лерін монтаждау және пайдалану» (қалалық инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық қызмет сапасын арттыру мақсатында), «Құрылыстағы сметалық жұмыс» (құрылыс көлемінің артуы мен шығындарды нақты жоспарлау қажеттілігіне байланысты), «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)» (цифр­ландыру үдерісін қолдау және IT-құзыреттерді кеңейту үшін), сондай-ақ экономика, бизнес және басқару саласында сұранысқа ие «Есеп және аудиттің қолданбалы бакалавры» бар. Осылайша колледж тек даярлау мазмұнын жаңартумен шектелмей, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту арқылы түлектердің еңбек нарығына бүгіннің өзінде болашақ экономикасын қалыптастырып жатқан сұраныс­қа ие мамандықтармен шығуына жағдай жасап отыр.

Колледждің маңызды қадамдарының бірі – бейіндік топтарды дамыту. Бұл – оқушылар зертханалар мен шеберханаларда жұмыс істеп, жобалық тапсырмаларға қатысып, заманауи құралдармен танысатын тәжірибелік сабақтар. Негізгі мақсат – жасөспірімнің қай бағытқа шынымен қызығатынын ертерек анықтау.

Бейіндік топтар Астана қаласының білім беру ұйымдарымен жасалған меморандумдар аясында іске асады: №62 мектеп-лицей, №8 мектеп-лицей, №6 гимназия және №104 жалпы білім беретін мектеп – 8-9-сынып оқушылары үшін. Сабақтар колледждің зертханалары мен шеберханаларында бекітілген жоспарға сәйкес өтеді, әртүрлі тәжірибелерге келу нақты нәтижемен аяқталады: шағын жоба, прототип немесе дайын жұмыс.

Бейіндік бағыттар қазіргі экономиканың сұранысын көрсетеді: мобильді робототехника және мехатроника, графикалық дизайн, веб-технологиялар және туризм. Робототехникада оқушылар қарапайым тораптарды құрастырып, датчиктермен жұмыс істеп, прототиптерді стендтерде сынақтан өткізеді. Дизайнда алғашқы визуал­ды жобаларын – афиша, логотип, шағын бриф бойынша макеттерін жасайды. Веб-технологияларда құрылым мен безендіруді меңгеріп, алғашқы беті немесе лендингін құрастырады. Ал «Туризм» бағыты сервис пен коммуникация дағдыларын дамытады: оқушылар маршрут әзірлеп, бағдарлама құрып, идеяларын командада таныстырады.

Астана – мүмкіндіктер қаласы, мұнда кәсіби білім беру жүйесі қалалық экожүйенің маңызды бөлігі ретінде түрлі салаға білікті маман даярлап, инфрақұрылымды жетілдіру және оқыту әдістемелерін дамыту арқылы колледждердің икемділігін арттыруды талап етеді. «Astana Polytechnic» жоғары колледжі осындай үлгіні қалып­тастырып келеді және өзгерістерге ілесіп қана қоймай, олардан озық болуға ұмтылатын заманауи ­колледж моделін көрсетуде.

Болат РЫСҚАЛИЕВ,

«Astana Polytechnic» жоғары колледжінің директоры

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button