Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орны – АДА университетінде Каспий теңізінің таяздануы мәселелеріне арналған «Каспий мәселесі: себептері, салдарлары және шешімдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген экология мәселелеріне айрықша мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өтеді. Ата заңның жаңа жобасында азаматтардың табиғатты сақтау және оның байлықтарына ұқыпты қарау жөніндегі міндеттері алғаш рет айқындалған. Ал мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді, — деді ол.
Сондай-ақ Елші дөңгелек үстел қатысушыларын сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы хабардар етті. Дипломат Қазақстан көшбасшысы Қ. Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында толыққанды су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы да айтып берді.
Айсель Ягубова Каспий теңізінің таяздану себептері мен оның жағалаудағы мемлекеттер үшін салдарларына тоқталып, бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын аудару қажеттігін атап өтті. Зүлфия Сүлейменова Каспий мәселелерін талқылау бастамасына жоғары баға беріп, бүгінгі күні теңіздің таяздануын тек циклдік үдерістермен байланыстыруға болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, теңіздің жағдайына жаһандық жылыну елеулі теріс әсер етуде. З. Сүлейменова сондай-ақ Қазақстанның табиғатты қорғау шараларындағы жетістіктері туралы айтып берді.
Эльчин Аллахвердиев Каспий маңы елдерін теңіздің экологиялық мәселелерін шешу үшін күш-жігерді біріктіруге шақырып, таяздану алғаш рет тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық проблемаларға да әкеп отырғанын атап өтті. Серік Ахметов қатысушыларға Каспий теңізінің онжылдықтар бойынша экологиялық жағдайы туралы презентация ұсынып, су үнемдеу технологияларын енгізуді қоса алғанда, мәселенің ықтимал шешімдерін ұсынды.
Жалпы, дөңгелек үстел барысында өңірдегі экологиялық дағдарыстың себептері талқыланып, ықтимал шешімдер бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мәселелерін бірлесіп шешу жолындағы Қазақстан мен Әзербайжанның іс-қимылдарына жоғары баға берді.



