Ел тынысы

Қаржылық және цифрлық қауіпсіздік тақырыбында форум өтті

Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған қаржылық және цифрлық қауіпсіздік тақырыбында форум өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қаладағы №100 мектепте өткен іс-шараны Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды.

«Бұл қаржылық форум қаржылық пирамида, алаяқтық секілді заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бүгінде күнделікті өмірде мұндай қауіптер кездесіп отыр. Сондықтан әрбір қызметкердің құқықтық және қаржылық сауатының болуы – аса маңызды. Аталған идеологияны жүзеге асыру барысында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен №42, 54, 47, 26, 63, 25 балабақшада 300-ден астам ата-ана қауымымен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар №42 балабақшада Сарайшық ауданы бойынша 50-ден астам балабақша қызметкеріне арналған қаржы сауаттылығы бойынша кездесу өткізілді. Бұл жұмыс қоғамда заңдылықты сақтау, қаржы сауаттылығы деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар деп есептейміз. Білім басқармасы атынан аталған департамент басшылығы өкілдеріне алғыс білдіреміз», – деді Астана қаласы әкімдігінің Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Лаура Әлеуханова.

Форум барысында қаржы пирамидаларымен қоса, дипфейктерді тану, дропперлерге қарсы іс-қимыл жасау, халықтың қаржы сауаттылығын арттыру және т.б. маңызды ақпараттар айтылды.

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың қыркүйек айында Қылмыстық кодекске дропперлік үшін жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізілді. Материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеті дропперлік болып саналады. Көрсетілген қылмысты жасағаны үшін іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына, алынған пайда мөлшеріне қарай мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мысал келтірейік, астаналық студент 10 мың теңге үшін өзінің банк картасын өзге адамға берген. Ол арқылы алаяқтар 150 миллион теңгені аударды. Ал соңында заң алдында кім жауап берді? Әрине, дроппер. Себебі тәжірибеде алаяқтарды табу көп жағдайда мүмкін емес», – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Айжан Аймағанова.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button