«Кәсіби бағдар – дұрыс таңдау – табысты карьера»

Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының базасында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында «Кәсіби бағдар – дұрыс таңдау – табысты карьера» атты қалалық байқау өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Балалардың қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және елордалық Кәсіптік-техникалық колледж ұйымдастырды.
Кәсіптік-техникалық колледж директорының кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Назира Тоғайбаеваның айтуынша, бұл байқау үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.
«Байқау қатысушылары – елордалық колледж студенттері. Олар өз дағдылары мен қабілеттерін, креативті идеяларын көрсетуге мүмкіндік алады. Негізгі міндет – өз оқу орындарын таныстырып, насихаттау. Биыл байқауға 21 колледж өтінім берді», – деді ол.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерінің кәсіби саласында жетістікке жеткен тұлға туралы бейнеролик ұсынды. Екінші кезең – сахналық бөлім, онда кәсіби бағдар беру командалары өнер көрсетті.
«Көрермендер – 9-сынып оқушылары. Олардың кейбірі мектепте оқуын жалғастыру немесе кәсіби білім алу мәселесінде таңдау алдында тұр. Біздің байқау соларға дұрыс шешім қабылдауға және сұранысқа ие мамандықты таңдауға көмектеседі», – деп қосты колледж өкілі.
Сонымен қатар, шара аясында Оқушылар сарайының фойесінде кәсіби бағдар беру көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, студенттер өз оқу орындарын таныстырды.



