Қоғам

Кәсіпкерлер палатасы былтырғы жылды қорытындылады

Астанада Өңірлік кеңестің биылғы алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Отырыста Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылды. Баяндамамен Палатаның директоры Жеңіс Тайшытаев сөз сөйледі.

Оның айтуынша, өткен жыл кәсіпкерлік қауымдастық үшін бизнесті жүргізу шарттары мен ережелерінің жүйелі түрде өзгеруімен сипатталды.

Трансформацияның негізгі факторлары ретінде жаңа Салық кодексінің енгізілуі, қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімінің іске қосылуы және Ұлттық тауарлар каталогының қалыптастырылуы аталды. Бұл үдерістер салық жүктемесіне, бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу шарттарына, сондай-ақ отандық өндірушілердің өткізу нарықтарына қол жеткізу мүмкіндіктеріне тікелей әсер етті.

Палата басшысының атап өтуінше, осы жағдайда Кәсіпкерлер палатасының міндеті жаңа талаптарды түсіндірумен ғана шектелмей, бизнесті жаңартылған ережелерге бейімдеу кезеңінде практикалық сүйемелдеу, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесіп тәуекелдерді пысықтау болды.

«Палата кәсіпкерлермен тұрақты байланыста болып, өзекті мәселелерді жинақтап, оларды уәкілетті органдар деңгейінде қарауды бастамашы етті», – деп атап өтті Жеңіс Тайшытаев.

Палатаның басым бағыттарының қатарында өзгермелі реттеуші орта жағдайында бизнестің құқықтарын қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікке сервистік қолдау көрсету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді төмендету, сондай-ақ салалық кеңестердің сараптамалық алаңдар ретіндегі жұмысы және әкімдікпен, мемлекеттік органдармен жүйелі өзара іс-қимыл аталды.

2025 жылы Палатаның қатысуымен бизнеспен 149 кездесу өткізілді, онда 319 мәселе көтерілді. 266 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары 14,5 млрд теңге сомасында қорғалды. Палата 35 сот ісіне қатысып, олардың шеңберінде бизнестің мүліктік құқықтары 1,2 млрд теңге көлемінде қорғалды. Сонымен қатар 51 нормативтік құқықтық акті жобасына сараптама жүргізілді.

Өтініштердің жеке блогы мемлекеттік сатып алулар саласына қатысты болды. Палата мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушыларының тізілімінен шығару бойынша 143 келісу комиссиясының жұмысына қатысты. Қарау нәтижесінде 114 шешім тізілімнен шығару туралы қабылданды, бұл – бизнес үшін оң шешімдердің 80 пайызы.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік қызметті сервистік қолдау жүйесі тұрақты негізде жұмыс істейді. 2025 жылы 3 280 кәсіпкерге 4,1 мың сервистік қызмет көрсетілді, оның ішінде бухгалтерлік және салықтық сүйемелдеу бойынша 3 507 қызмет, бизнес-жоспар әзірлеу бойынша 593 қызмет ұсынылды. Сүйемелдеу нәтижесінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын жобалар мақұлданды.

Отандық өнімді ілгерілету аясында Астанада «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті, оған елордалық 30 кәсіпкер қатысты. Сонымен қатар «Алтын сапа» сыйлығының қорытындылары атап өтілді: конкурс нәтижесінде Астанадан 9 компания әртүрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтті.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекет арасындағы диалог алаңы ретінде өз платформасын белсенді пайдаланып келеді. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларымен тұрақты кездесулері ұйымдастырылды. Қала әкімі бекіткен кесте шеңберінде әкім орынбасарларымен бейінді бағыттар бойынша жұмыс кездесулері өткізілді. Нәтижесінде 90 проблемалық мәселе қамтылған тізілім қалыптастырылып, олардың 30-ы бойынша оң шешімдер қабылданды.

Адами капиталды дамыту аясында Палата жыл сайын кәсіпорындар арасында кадрларға деген сұраныс бойынша сауалнама жүргізеді. 2025 жылы сауалнамаға 4 714 жұмыс беруші қатысты, оның ішінде 3,5 мың кәсіпорын 12 мың маманға қысқамерзімді қажеттілік бар екенін мәлімдеді. Кадр тапшылығын өтеу үшін дуальды оқыту жол картасы іске асырылуда. Қаладағы 32 колледждің 21-і дуальды оқыту жүйесіне тартылған, кәсіпорындармен 10 мыңнан астам дуальды оқыту шарты жасалған.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға және дуальды оқытуды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешені өткізілді. Салалық кеңестердің, жұмыс берушілердің және колледждердің қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Палата өкілдері «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестиваліне, «Жұмысшы мамандықтарының болашағы: бизнес пен білім серіктестігі» республикалық форумына, сондай-ақ «Кәсіби маман» республикалық конкурсын өткізуге қатысты. Палата алаңында мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және бизнестің қатысуымен «Жұмысшы мамандықтары: сын-қатерлер мен даму жолдары» атты кеңейтілген форум өтті.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа деректеріне сәйкес, Астанада жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 147 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл – ел бойынша барлық жобалардың 11 пайызы және өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. 2026 жылға 93 млрд теңгеге 29 жобаны іске қосу жоспарланған, нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалар сауда және қызмет көрсету, туризм, денсаулық сақтау, білім беру, АӨК және логистика салаларын қамтиды.

Ағымдағы жылы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік қауымдастық үшін өзекті мәселелерді анықтау және шешу бағытында мемлекеттік органдармен белсенді әрі жүйелі жұмысты жалғастырады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button