«Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі өтті
Астанада Есіл өзенінің бойында 25-ші мәрте «Бұрқасын-2026» қысқы фестивалі өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Фестиваль Милан-2026 қысқы Олимпиадасының қатысушыларын қолдауға арналды.
«Бүгінгі іс-шараның біз үшін орны бөлек. Италиядан сүйінші хабар жетіп, 32 жылдан кейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтынды жеңіп алды. 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бұрқасын» фестивалі де бұқаралық спорттың дамуына үлкен үлес қосып, қыстық спортты насихаттайды деп сенемін. Бұл жолы да біз спорттық жарыстар өткізіп қана қоймай, Қысқы Олимпиада ойындары алаңында ел намысын қорғап жүрген спортшыларымызға үлкен қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бас қосып отырмыз. Бүгінгі белсенділігіміз – оларға деген шынайы тілеулестігіміздің белгісі», – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.
2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бұрқасын» фестивалінде алғашқыда 5 спорт түрі қамтылса, биыл оның саны 13-ке дейін жетті. Оның ішіне шаңғы жарысы, гір спорты, армрестлинг, пимамен хоккей, белбеу күресі, мотокросс, автоспорт, арқан тарту, қысқы мини-футбол, қар лақтыру, қысқы волейбол, мас-рестлинг және тюбинг жарыстары кіреді.



