Қаржы нарығы халыққа қолайлы ма?

Қоғам болған соң, ондағы адамдардың әлеуметтік жағдайы да біркелкі болмайды. Бірі жеткілікті өмір сүрсе, бірі күнкөріс қамымен әртүрлі жағдайда қаржыға тәуелді болады. Оған бола олардың өмір сүру мүмкіндігіне тосқауыл қоюға ешкімнің қақысы жоқ. Сондықтан қанша жерден «қарызсыз қоғам» деп ұрандатқанымызбен, айғайымыз алысқа бармайды. Өйткені қаржылық нарыққа белгілі бір деңгейде бағынушылық қоғамда ешқашан жойылмайды. Себебі несие мен қарыздан мүлде ада қоғам ешқашан болған емес әрі болмайды да. Сондықтан бірінші банктердің мойнын заңға идіріп, халық деген құбылаға жүзін қаратуымыз керек. Олар халыққа тиімді, пайызы төмен қарыз беруде бәсекеге түссе әлдеқайда орынды болар еді.
Әрине, мемлекет мүлде әрекетсіз отыр деуге болмайды. Дегенмен, соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатыр. Айталық, жақында ғана Президенттің алдында есеп берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова өз баяндамасында бірқатар маңызды деректерді келтірді. Оның айтуынша банктердің активтері 11 пайызға өсіп, 68,3 триллион теңгеге дейін ұлғайып, капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құраған.
Былтыр қанша кредит рәсімделді?
«Бизнеске берілген кредиттер 2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша 17,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлер 17,5 триллион теңгеге жаңадан несие рәсімдеді. Банктер жалпы сомасы 2,3 триллион теңге болатын 8 синдикатталған жобаны бірлесіп қаржыландырды. Шағын және орта бизнесті кредиттеу ісін қолдау үшін 2025 жылдың маусым айында «Даму» қорының жанынан Кепілдік қоры құрылды. Бүгінге дейін 505 миллиард теңге көлемінде несие кепілдіктері берілді» деді Мәдина Әбілқасымова.
Агенттіктің қадағалау қызметі аясында өткен жылы қаржы нарығының барлық негізгі сегменттері қамтылғанын атап өтуге болады. Банктерге ондаған жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, сақтандыру, бағалы қағаздар, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер де бақылаудан тыс қалмаған. Тексерулер нәтижесінде жүздеген қадағалау шарасы қолданылып, заң талаптарын бұзған субъектілерге айыппұл салынған. Сонымен қатар, талаптарды жүйелі түрде орындамаған бірқатар микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер лицензиясынан айырылған.
Қанша қарыз кешірілді?
«Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгелі бері банктер 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге берешегіне кешірім жасады. Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,2 мың қарыз алушыға қолдау көрсетілді» деді агенттік төрағасы.
Арнайы заңға қол қойды
Алайда біз неге азаматтарымыздың кредиттеріне дейін кешіруге құлықты болғанымызда банктердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді ойланбайтынымыз түсініксіз. Егер банктердің пайыздық мөлшерлемесін 10 пайыздан асырмасақ, онда көптеген азаматтар қиналмай-ақ алған қарыздарын еш масылдықсыз өтер еді. Бұл – бір делік. Екіншіден, Президенттің өзі жақында «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға қол қойды. Мемлекеттік БАҚ аталған заңды тәпсірлегенде «енді банкке берілетін лицензияның 2 түрі енгізіледі. Базалық және әмбебап деп аталады. Одан бөлек, құжаттағы өзгерістердің бірқатарын атап өтсек: Егер азамат өмірінде алғаш рет несие алатын болса, мұндай жағдайда ол банкке барып, биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті болады» деп гулетті. Әрі заң аясында енді кез келген қазақстандыққа 1 сағат ішінде бірнеше несие рәсімдеуге тыйым салынатыны айтылып, қарапайым халық банктердің жұмысы реттелетін болды деп сенді. Сол қуанғандардың қатарында өзіміз де бармыз. Өйткені банктердегі бәсеке күшейсе, халықтың да, өзіміздің де жағдайымыз жақсарары анық.
Қарыз беру әлі тоқтамаған
Алайда банктер бұл заңға пысқырып да қарамайтын сыңайлы. Керісінше олар атыңызға онлайн кредит рәсімделіп тұрғанын айтып, хабарламалар жіберіп, бізді кредит алуға қызықтыруда. Және оны сіздің өзіңіз банкке барып алу қажеттігі жоқ деп көрсетеді, керісінше, онлайн рәсімдеуді «оңай әрі ыңғайлы» деп насихаттайды. Сонда бұл президент өкілетін елемеу ме, әлде халықты ғана емес, заңды да елемейтін банк әрекеті ме?
Мәселен, 20 қаңтар күні маған «Кез келген мақсатқа кепілсіз 9 500 000 теңгеге дейін несие. Мөлшерлеме – 19-38%, СЖТМ – 23,2-45,9%. Дәл қазір рәсімдеңіз: https://home.kz/e-loan-lom/login?iframe_id=589473» деп Home Credit банк хабарлама жіберіпті. Яғни, сіз банкке ешқандай да кредит рәсімдеу туралы өтініш қалдырмасаңыз да олар сыртыңыздан тон пішіп, сізге лайықты деп тапқан соманы ұсынады да жатады.
Банктерде бәсеке кем
Егер қаржы нарығында шынайы бәсеке болса, әр банк клиент тарту үшін кредит рәсімдеп емес, қайта керісінше пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге, шарттарын жеңілдетуге тырысар еді. Алайда іс жүзінде олай емес. Банктердің көпшілігі бірдей немесе бір-біріне өте жақын пайыздық мөлшерлеме ұсынып отыр. Халық қай банкке барса да, түпкі нәтижесі мен төлемі бірдей. Бұл жағдайды экономикалық тұрғыдан жасырын келісім деп сипаттауға болады. Мұнда банктер ашық түрде уағдаласпаса да, бір-бірінің әрекетін қайталап, пайыздық мөлшерлемені шамалас деңгейде ұстап отырады. Мұндай «ойында» басты мақсат – өзара бәсекеге түспей, тұрақты табысты сақтап қалу. Ал ұтылатын – қарапайым халық. Себебі таңдау бар сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол формалды ғана. Бұл – олигополиялық нарыққа тән ойын түрі. Яғни нарықты санаулы ірі ойыншылар бақылап отыр, ал олар бір-біріне қарсы шыққаннан гөрі, үндемей бір бағытта әрекет етуді тиімді деп санайды. Сондықтан да олардың санасында бірдей «Халық қайсымызға келсе де, бәрібір бірдей шартқа келіседі» деген түсінік қалыптасқан.
Ал банктер туралы заңның басы-қасында болдық деген депутаттар, енді банктердің онлайн кредит рәсімдеуі қиындасады деп шыр-пыр болады.
– 90 пайыз жағдайда онлайн несие бергенде ол несие алаяқ несие болып шыққан. Бұған банктер өзі кінәлі. Банк ішіндегі қызметкерлердің бұл алаяқтыққа тікелей қатысы бар. Себебі көп жағдайда он минутта шот ашылып, он минут ішінде несиеге арыз жазылып, он минутта несиеге рұқсат беріліп, он минуттың ішінде биометерия өтіп, он минуттың ішінде бүкіл құжаттар дайындалады. Тіпті айлық сәйкес келмесе де сізге несие беріледі. Мұның бәрі – алаяқтық. Әрі осыған дейін сіздің рұқсатыңызсыз электронды үкіметке кіріп, сізге несие рәсімдеген болса, ол банктің заңсыздығы, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.
Сонымен қатар, депутат алдағы уақытта банкке адам аяғымен бармаса, несие берілмейтінін айтқан. Біз осы пікірге сеніп, қазақстандық банктердің сайттарын қарап көрдік.
Мысалы, «Береке» банктің сайтына кіргенде бірден көзімізге «Кепілсіз кредитті онлайн 2 минутта рәсімдеңіз» деген жарнама түсті. Яғни, халыққа онлайн несие алу мүмкіндігі әлі де ашық. Ал ЦентрКредит банкі өз кредиттік қызметін жарнамалағанда «Оңай, кепілсіз, анықтама талап етпей, кредиттеу мақсатын көрсетпей-ақ» деп сілтепті. Мұны көрген соң «депутат айтқандай, банктер енді онлайн несие бермей ме, әлде олар өз жарнамаларын жасауда заңның өзін көзге ілмей ме?» деген сауал туындайтыны сөзсіз.
Шапағат ӘБДІР



