
Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» кітабының таныстырылымы өтті.
Кітапқа атау берген роман детектив жанрында жазылды. Шығармада автор бір адамның тағдыры арқылы адамзатқа ортақ мәңгілік құндылықтарды – адалдық пен сатқындықты, мейірім мен қатыгездікті, махаббат пен төзімділікті тереңнен ашады. Роман оқиғасы кеңестік кезеңнен басталып, бүгінгі тәуелсіз дәуірмен сабақтас өрбиді.
Кітаптың бас кейіпкері Арғынның басынан өткен небір адам баласы төзбес қасірет пен қиыншылық, Құралайдың оған деген адал махаббаты шығарманың жалпы лейтмотиві десе де болады. Шығарманың басты идеясы – қандай ауыр жағдайда да адам болып қалу, адамгершілікті сақтау қажеттігі тереңнен суреттелген.
Ұлттық академиялық кітапхана мен «Амангелді Иман» қоғамдық қоры ұйымдастырған таныстырылымда романға жоғары баға берілді. Шығарма тілі Жүсіпбек Аймауытовтан тамыр тартатынын, себебі автор классик қаламгер шыққан ауылда туғаны атап өтілді.
Алғашқы болып сөз сөйлеген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов кітаптың құрылымына тоқталып, романды «тағдырнама» немесе «қасіретнама» деп атады. Көрнекті жазушы Мәди Айымбетов шығарма роман жанрының барлық талабына жауап беретінін атап өтті. Белгілі ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса туынды бейнелі тілмен жазылғанын, роман атауының өзі оқырманды тартатынын айтты. Ақын, жазушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика» кафедрасының деканы Нұржан Қуантайұлы автордың қаламының қарымына тоқталды. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, жазушылар Айгүл Кемелбаева мен Жұмағали Қоғабай, журналистика ардагері Бәдуан Имашұлы, кәсіпкер Еркін Сейітжанов, журналист Әсел Жақсыбай, елордадағы Орталық балалар және жасөсіпірімдер кітапханасының кітапханашысы Сағыныш Дүйсенқызы, т.б. адамдар жылы пікірлерін жеткізді.
Өкініштісі, осындай қызықты кітап 200-ақ данамен шықты. Таныстырылымды түйіндеген кітап авторы аймақтардағы қаламгерлердің әдеби ортамен араласу мәселесі туралы сөз сабақтап, сондай мүмкіндік берген іс-шараны ұйымдастырушыларға, жалпы жиналған қауымға және отырысты мағыналы етіп жүргізген белгілі актер Сағаділла Үсібәлиевке алғысын білдіріп, романның қалай туғанын, оған не себеп болғанын қысқаша баяндап, «Амангелді Иман» қорының төрайымы Толқын Сұлтановаға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдығын сыйлады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



