Басты ақпаратҚоғам

Қаламы қарымды дипломат

1988 жылы ҚазМУ-дың журфагын үздік бітірген Гүлсім Еңсепова «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне тілші болып қызметке орналасты. Гүлсімнің оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшпай тұрғанда-ақ мүйізі қарағайдай журналистердің қолдары жетпей жүрген еліміздің бас басылымына жұмысқа орналасқанына сүйсінгендер де, таң қалғандар да көп болды. Әрине, содан кейін бүкіл журфакта оған қатысты қызыға, тамсана айтылар әңгімелер өрбиді…

Сөйтіп Гүлсімге әркімге арман болған Алматыда қалып, арада бір жыл өтпей жазушы-журналистер тұратын үйден пәтерлі болды. Бағы жанған бойжеткен бақытты жанның үлесіне тиесілі барша жақсылықты уысында ұстады. Көп ұзамай аға тілші лауазымына көтерілді. Журналист ретінде тоқыраудың соңы мен тәуелсіздік таңындағы өтпелі кезеңде ел ішіндегі ең өзекті мәселелерді қозғады. «Шу бойын шулатқан шөп» циклді мақаласында нашақорлық проблемасын мейлінше аша алды. Бұл – күні бүгінде де күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселе. Ал «Түрме. Тағдыр. Әйел», «Алақан жаюшылар», «Қыз қылығымен», «Адамның бір қызығы бала деген..» мақалалары оқырмандарға үлкен ой салып қана қоймай, бүкіл қоғамның назарын осынау өзекті мәселелерге аударды. Нәтижесінде қаламы жүйрік журналисті КСРО Журналистер Одағының мүшелігіне қабылдады.

Кейін «Социалистік Қазақстанның» парламенттік тілшісі болып жүргенінде ҚР Жоғарғы Кеңесінен еліміздің Президенттік басқару жүйесіне көшуі жайында сараптамалық мақала, Парламент қабырғасындағы егемендік жөніндегі пікірталастардан «жанды» репортаждар жазды.

Гүлсім Еңсепова «Социалистік Қазақстанда», кейін «Егемен Қазақстан» беттерінде еліміздің өркендеп дамуын, Астананың көшуін, халықаралық аренада Қазақстанның беделінің артуын кеңінен насихаттады. Іссапармен бірнеше шетелдерге барып, халықаралық тақырыпты көтеріп, тұңғыш елшілерден сұхбаттар алды.

Баспасөз беттерінде осындай халықаралық тақырыпты және елімізде ашылып жатқан елшіліктер туралы тұрақты жазғандықтан, оған Сыртқы істер министрлігінің Баспасөз қызметіне жұмысқа шақырған ұсыныс түсті. Одан әрі қарайғы уақытта Гүлсім жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметке ауысты.

Ол Сыртқы істер министрлігінің ведомстволық «Дипломатия жаршысы» журналының қазақша бөлімінің редакторы болды. Баспасөз қызметінде, Мемлекеттік тіл басқармасында үшінші, екінші, Ресей басқармасында бірінші хатшы, кеңесші, Бақылау және құжат айналымы, Ақпаратты қорғау басқармаларында басқарма басшысы лауазымдарында жемісті жұмыс жасады. Сонымен бірге, шет елдерде елімізді танытуға үлес қосып, Германия (1994-1996 жж.), Венгрия (2003-2004 жж.), Беларусь (2014-2017 жж.) елдеріндегі Қазақстанның Елшіліктерінде пресс-атташе, үшінші хатшы, кеңесші секілді жауапты дипломатиялық қызметтерді атқарды.

Дипломат болғандықтан Гүлекең неміс, ағылшын, испан тілдерін жақсы меңгерген. Халықаралық қатынастар мамандығын меңгеру мақсатында ол 1997 жылы ең алғаш ашылған ҚР Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық Академиясына оқуға түсіп, 1999 жылы оны бітірген бойда арнайы қоныс аударушылар бұйрығымен Астанаға шақырылды. Сыртқы қарым-қатынас мәселесіне біржола бет бұрғаннан кейін халықаралық нормаларды терең түсіну мақсатында екі жылдан астам уақыт Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде консультант болғаны бар. Сол мезеттерде көптеген заңдарды, оның ішінде қазіргі қолданыс­тағы «Дипломатиялық қызмет туралы» заңды шығаруға белсене атсалысты. Дипломатия саласындағы білімін жетілдіріп, Мәскеудегі Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады. Бүгінде ол ҚР Сыртқы істер министрлігінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бойынша үшінші департаментінің кеңесшісі. Жоғары дәрежелі I сыныпты кеңесші дипломатия­лық рангісін иеленген.

Күнделікті жұмыс уақытына бағына бермейтін – ерте барып, кеш қайтатын мемлекеттік қызметте 33 жылға жуық жүрсе де, Гүлекең өзінің ішкі миссия­сы – руханият дүниесіндегі ізденуден іргесін аулақ салған емес. «Фариза Оңғарсынова – публицист» деген кандидаттық тақырыбын бекітіп, диссертациясын 2008 жылы жазып бітті. Оны абыроймен қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды. Көп ұзамай 2009 жылы «Ф.Оңғарсынова – публицист» монографиясы басылып, көпшілікке жол тартты.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза ақын шығармашылығын зерттеу барысында кенен дүниеге кенелген Г.Еңсепова қазақтың аяулы қызы туралы бірнеше көркем эсселер жазды. Сол эсселері мен ғылыми-очерктерін топтастырып, 2016 жылы «Фариза – көсемсөз патшайымы» атты кітабын жұртшылыққа ұсынды.

Дипломатия саласына ауысса да журналистикадан қол үзбеген абзал жан мақалалар, түрлі сұхбаттар, эсселер жазып келген еді. 2023 жылы осы публицис­тикалық дүниелері топтасқан «Ұшқыр қалам» атты кітабы жарық көрді. Бұл жинақ өмірді енді бастаған талапкер журналистер үшін әдістемелік құрал ретінде құнды деп ойлаймыз.

Гүлсім – біржақты ғана емес, қабілеті алуан салаға жететін ұшқыр қалам иесі. Ол балаларға арналған өлең, әңгіме, ертегі жазумен де шұғылданыпты. Әңгіме-ертегілері кезінде «Қазақстан пионері», «Ұлан» газеттерінде, «Балдырған», «Мөлдір бұлақ» журналдарында жарияланып, тараған. Осы туындыларына жаңа шығармаларын қосып, 2024 жылы «Балғын дауыс» деп аталатын кітабын балапандарға базарлық ретінде ұсынды.

Ал былтыр 2025 жылы «Отыз жылдың ой-толғауы» деп аталатын кітабы көпшілік қолына тиді. Онда автор мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановпен сырласа отырып, диалог құрады.

Қазіргі уақытта Гүлсім Бақытқызы БАҚ-пен тығыз байланыс орнатқан, республикалық басылымдарға үнемі мақалаларын жариялап тұрады. Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің доцент-практигі ретінде ақпарат саласы қызметкерлерін, жас журналистерді дайындауға белсене араласып, түрлі тақырыпта ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, дәрістер оқу үстінде. «Еңбегіне қарай – құрмет» деп дана халқымыз айтқандай, Гүлсімнің 40 жылға жуық тынымсыз еңбегінің нәтижесі бірнеше мемлекеттік, халықаралық, ведомстволық наградалармен аталып өткен.

Гүлсім Бақытқызы әйел бақыты бұйырған – аяулы жар, ардақты ана. Дипломат, қаламгер және бақытты ана болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ…

Әділбек АЛПЫСБАЙ,

журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button