Үздік театр режиссері атанды

Ыстамбұлда өткен он бірінші ТҮРКСОЙ халықаралық театр сыйлығын салтанатты марапаттау рәсімінде «Астана Опера» режиссері Еренбақ Тойкенов «Үздік театр режиссері» аталымында бас жүлдені иеленді.
Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен «Анадолы» газеті тағайындаған бұл беделді халықаралық марапат арқылы отандасымыздың заманауи сахна өнерінің дамуына қосқан елеулі үлесі мойындалды.
Еренбақ Тойкенов ұлттық қойылымдарды (Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы, Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі және т.б.), сонымен қатар әлемдік репертуардағы спектакльдерді де (Джоакино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» және т.б.) қойды. Жас режиссер 2022 жылы Мәскеудегі «Nano-Opera» халықаралық опера режиссерлері байқауында дүние жүзінен барған 200-ден астам опера режиссерінің арасынан топ жарған еді. «Nano-Opera» байқауындағы жеңісі нәтижесінде Еренбақ «Астана Опера» сахнасында Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» қазақ ұлттық операсын қою құқығын иеленді. Артынша бұл спектакль тәуелсіз сарапшылар сыйлығының нұсқасы бойынша «Жыл операсы» деп танылды және жоғары бағаға ие болды. Ал өткен жазда «Астана Опера» режиссері опера өнері әлеміндегі жетекші халықаралық жобалардың бірі – Австрияда өткен Вена опера фестивалінің жұмысына ойдағыдай қатысып келді.



