
Кеше Өндіріс тұрғын алабында Қазақстан Республикасы Грэпплинг қауымдастығының президенті, Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы, Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) жанындағы Дүниежүзілік грэпплинг комитеті атқару комитетінің мүшесі, Азия грэпплинг комитетінің президенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қанат Алин халықпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қанат Төлеубекұлы Конституция мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, сонымен қатар халық пен билік арасындағы сенім мен жауапкершілікке негізделген қоғамдық келісім екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол ұсынылып отырған Конституция жобасы азаматтар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары негізінде қалыптасқан жүйелі бастама екенін түсіндірді.
– Реформаның басты мақсаты – тұрақты әрі тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру, мемлекет пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті сақтау және азаматтардың саналы қатысуын арттыру. Жаңа конституциялық ұстанымдардың негізінде адам, оның өмірі, құқықтары мен қадір-қасиеті басты құндылық ретінде айқындалады. Сонымен қатар әділдік, заң үстемдігі, заң алдында теңдік, табиғатқа жауапкершілік және халық бірлігі негізгі қағидалар ретінде белгіленеді, – деді ол.
фото: egemen.kz/



