Буллинг, «жеңіл табыс» және заң: ведомствоаралық мобильді топтар елорданың 26 оқу орнын аралады

Ауқымды профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Кездесулер барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы топтық қақтығыстардың алдын алу мәселелері қаралды. Сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік және «жеңіл табыс» деп аталатын әрекеттерге тартылудың салдары жан-жақты түсіндірілді.
Құрамына прокуратура, ҰҚКД, ПД, Білім басқармасы қызметкерлері мен психологтар кірген ведомствоаралық мобильді топтар оқушыларға шынайы өмірде және интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын түсіндірді. Кездесулер барысында құқықбұзушылық, буллинг және кибербуллингтің салдары туралы тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
Кездесу барысында Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ерасыл Досан қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын, ал кейбір аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан көзделетінін атап өтті. Оқушылар заңды сақтауға және әрбір әрекетіне саналы түрде қарауға шақырылды.



