
Қазақстанда құқықтық мемлекет құру, әділеттілік пен заң үстемдігін нығайту бағытында маңызды қадам жасалғалы тұр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырмасымен елімізде су пайдалану саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның маңызды бөлігі ретінде биллингтік су пайдалану жүйесіне көшу жүзеге асырылып, су ресурстарын басқарудың жаңа электронды тетіктері енгізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2026 жылы қабылдануы күтіліп отырған жаңа Конституция жобасында алғаш рет Әділеттілік, Заң мен Тәртіп және табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары негізгі заң деңгейінде бекітілмек. Бұл нормалар тек құқықтық ұстаным ғана емес, мемлекеттің даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар болып табылады. Әсіресе «Заң және тәртіп» қағидаты табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын басқаруда жаңа сапалы деңгейге көшуге жол ашады. Бұл ұстаным Су кодексінің талаптарын қатаң сақтауға, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, суды әділ бөлуге және су ресурстарының «көлеңкелі айналымымен» күресті күшейтуге құқықтық негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда цифрландыру, инновация және жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл бағыт мемлекеттік басқарудың барлық салаларында, соның ішінде су шаруашылығында да жүйелі өзгерістерге негіз болады. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, ашықтықты арттыруға және есептілікті күшейтуге мүмкіндік туады.
Аталған биллингтік жүйе су тұтынуды нақты бақылауға, деректерді жүйелі есепке алуға және тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жиналған ақпарат негізінде талдау жасалып, негізделген басқарушылық шешімдер қабылданады. Бұл ағын суды уақтылы әрі әділ бөлуге, сондай-ақ су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жаңа жүйені өңірлерде енгізу және түсіндіру мақсатында Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы тарапынан арнайы жауапты мамандар бекітілді. Қызылорда облысы бойынша бөлім басшысы Бекетов Нұржан Қалданұлы және Түркістан облысы бойынша бөлім басшысы Бекетов Шерхан Нұртазаұлы Жаңақорған, Шиелі, Жетісай және Мақтаарал аудандарына іссапарға шығып, жергілікті су пайдаланушыларға биллингтік жүйемен жұмыс істеу тәртібін түсіндіруде. Олар электронды келісімшарт жасау жолдарын көрсетіп, жүйенің артықшылықтарын жеткізуде.
Осылайша, су саласындағы цифрландыру бастамасы жаңа Конституцияда бекітілетін қағидаттармен үйлесім табады. Табиғатты қорғау, ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану және цифрлық басқару тетіктерін енгізу бір-бірімен тығыз байланысты.
Биллингтік жүйеге көшу – жай ғана техникалық жаңалық емес, ол еліміздің жаңа құқықтық және экологиялық саясатына сай келетін стратегиялық реформа. Бұл қадам су саласындағы ашықтықты арттырып, жауапкершілікті күшейтеді және болашақ ұрпақ үшін су ресурстарын сақтауға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті



