
Еліміздің қоғамдық өмірінде айрықша маңызға ие тарихи кезеңдердің бірі басталды. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген жүйелі еңбектің нәтижесінде жаңа Конституцияның жобасы толық әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылды. Арнайы құрылған комиссия талмай жұмыс атқарып, әр баптың мазмұнына терең үңіліп, мемлекет пен қоғамның болашақ бағытын айқындайтын құжатты мұқият пысықтады. Заңгерлер мен ғалымдар, депутаттар мен қоғам өкілдері ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, халықтың үніне құлақ асты.
Талқылаулар ашық өтті, азаматтар өз ұсыныстарын айтып, пікір білдірді. Соның арқасында жоба шынайы халықтық сипат алды. Жаңа Конституцияда адам құқығын қорғау мәселесі алдыңғы орынға шықты, билік тармақтарының жауапкершілігі нақтыланды, әділетті қоғам құруға бағытталған қағидаттар айқындалды. Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға, ел азаматтарының мемлекет ісіне белсенді қатысуына кең жол ашатын тетіктер қарастырылды. Мұның барлығы тәуелсіз Қазақстанның келесі даму белесіне сенімді қадам жасауына негіз қалайды.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Конституция тағдырын халықтың өзі шешуі қажет екенін атап өтіп, 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім ел азаматтарына ортақ жауапкершілікті сезіндіреді, әр адамға өз таңдауын жасап, мемлекет болашағына ықпал ету мүмкіндігін береді.
Қоғам жаңару мен өзгерісті талап етіп отырған шақта референдум өткізу өте орынды қадам. Әрбір саналы азамат үшін алдағы саяси науқан ел тағдырына бейжай қарамай, азаматтық жауапкершілікті танытудың маңызды сәті болмақ. Дауыс беру арқылы әр адам өз таңдауын жасап қана қоймай, мемлекет болашағының қандай бағытта өрбитініне тікелей ықпал етеді. Өйткені Конституцияның мазмұны бүкіл қоғамның өміріне әсер етеді, ал оны айқындау халықтың ортақ еркіне байланысты. Мен де Жаңа Конституцияны қолдай отырып, оның еліміздің дамуына, әділетті әрі берекелі қоғам қалыптастыруға қызмет ететініне сенемін және барша азаматтарды осы маңызды бастаманы қолдауға шақырамын!
Акбаржон Исмаилов,
ҚХА кеңес мүшесі,
Тәжіктердің Республикалық этномәдени орталығының төрағасы



