Uncategorized

Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Астанада Еуразия ұлттық университетінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Три дозы смерти» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою және олардың дұрыс өмірлік ұстанымын қалыптастыру. Тұсаукесерге қонақ ретінде шорт-тректен IX Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Малика Ермек, конькимен жүгіруші Алтай Жәрдембекұлы және шорт-трекші Санжар Жанисов қатысты.

Есірткімен мәселесі жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында атап өтіп, күресті күшейту қажеттігін айтқан болатын. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылдың көрсеткіші бойынша елімізде 1,5 тонна синтетикалық есірткі, яғни 4,5 миллион доза тәркіленген. Олардың нарықтағы бағасы 25 мыңнан 35 мың теңгеге дейін өскен. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының аталмыш дертпен жүйелі түрде күресіп, оның таралуына тосқауыл болып жатқанын аңғартады.

Деректі фильмнің авторы Саби Байбосыновтың айтуынша, ол бұған дейін де қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп келген.

«Қазақстандағы маңызды әлеуметтік проблемаларды қозғап, қоғамға өз үлесімді қосып жүрмін. Бұған дейін депрессия мен лудомания тақырыптарында деректі фильмдер түсірдім. Енді есірткі мәселесін көтеруді жөн көрдім. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 18 мың азамат ресми тіркеуде тұр. Бұл тек ресми дерек. Тіркелмегендердің саны одан да көп. Бұрын шетелдік фильмдерден көріп таңғалатын жайттар бүгінде бізде де қалыпты құбылысқа айналып барады. Әлеуметтік желінің дамуы есірткінің таралуына жол ашты. Ішкі істер органдарының жыл сайын қаншама тонна есірткіні тәркілеуі аталмыш мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді», – деді ол.

Сондай-ақ автор туындының атауына да тоқталып өтті.

«Есірткіге тәуелді болу үшін үш доза жеткілікті. Қоғамда мұндай қадамға барған адамдардың саны аз емес. Менің басты мақсатым – Павлодар қаласындағы АСАР әлеуметтік бейімдеу орталығына түскен азаматтардың өмірін көрсету. Олардың өмірлік тәжірибесі арқылы жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастырғым келеді», – деп түйіндеді Саби Байбосынов.

Айта кетейік, деректі фильм 15 ақпан күні кешкі сағат 21:15-те «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button