
2022 жылдың күзі еді. Украинадағы бір танысыммен телефон арқылы қоштасқан сәт әлі есімнен кетпейді. Байғұс, балаларының қызығын көре алмай өмірден ерте озды. Сол кезде «Берегите Родину» деп айтқан бір ауыз сөзі менің саясатқа, билікке, тіпті өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті.
Кеше ғана Қырғызстанда қызметінен кеткен Ташиевтің сөзі де ой салды. Ол мемлекеттің мүддесін жеке мансабынан жоғары қоятынын ашық айтып, патриотизмнің нақты үлгісін көрсетті.
Осы екі сәттен түйгенім бір — бізде бір ғана Отан бар. Сол Отан үшін жеке амбициямызды да, ішіміздегі ашу-ызаны да қажет болса шетке қоя білуіміз керек.
Соңғы апталарда қоғамда қызу талқыланған жаңа Конституция жобасы дайын құжатқа айналды. Әлеуметтік желіде айтылмаған пікір қалмады десе болады. Қарапайым азаматтан бастап жағдайы жақсыларға дейін өз ұсынысын жазды. Осы аралықта менің Конституция тақырыбына белсенді араласпағанымды байқағандар да болды.
Оларға айтарым — мен Конституция комиссиясына сенемін! Дайындалған құжаттың сапасына еш күмәнім жоқ.
Қалай сенбеймін? Отан мүддесін өмірлік ұстанымына айналдырған мемлекет қайраткерлеріне ме? Конституциялық құқықты терең зерттеп, университет студенттеріне дәріс берген Марат Башимовқа ма? Халықтың арманын өлеңмен жеткізген Жанарбек Әшімжанға ма? Әлде қоғамның өзегіндегі мәселелерді күн сайын “Ашық алаңда” талқылап жүрген Ерқанат Көпжасарұлына ма?
Жоқ. Олай болмауы керек!
Егер біз сенбесек, онда кімбіз? Кеше ғана қолдап, дауыс берген азаматтарымыздан бүгін күмәндансақ, өзімізге өзіміз қарсы шыққан болмаймыз ба?
Жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары аз емес. Кіріспесінің өзі қандай — Ұлы дала перзентінің әлемге айтқан монологы секілді. Оқисың, сүйсінесің, рухтанасың.
Жобада жеке тұлғаның ар-ожданы ең биік құндылық ретінде бекітілгеніне қалай қуанбасқа? Жекеменшік институтының күшейгеніне, заң мен тәртіп қағидасының нақты орныққанына қалайша немқұрайлы қарауға болады?
Әрине, «былай болу керек» деп айту оңай. Ал оның салдарын алдын ала көре білу — үлкен жауапкершілік.
Сену — көз жұмып қабылдау емес. Сену жауапкершілікпен бірге жүруі тиіс.
Сондықтан, құрметті оқырман, комиссия жұмысына күмәнмен емес, ақылмен қарайық. Кеше ғана өзіміз қолдаған депутаттарға бүгін тас атпайық. Олар да, мен де Отан үшін аянбаймыз. Егер ел мүддесі үшін қажет болса, мандатпен де, мансаппен де қоштасуға дайынбыз.
Конституцияға дауыс беретін — сіздер. Сондықтан референдумға дейін мәтінмен мұқият танысып, әр сөзіне ой жүгіртіңіздер. Ол күн де өтер. Алда 10, 20, 50 жылдан кейін жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Бұл дамып жатқан елдің белгісі.
Ең бастысы Отанымыз аман болсын!
Анас Баққожаев,
Мәжіліс депутаты
фото спикердің жеке архивінен



