
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – әрқайсымыз үшін Жаңа Конституция жобасы бойынша өз таңдауымызды жасап, елдің алдағы даму бағытына тікелей ықпал етуге берілген тарихи мүмкіндік.
Конституция жобасын әзірлеуге атсалысқан барша азаматтарға – ең алдымен өз ұсыныстарын білдірген елжанды, белсенді отандастарымызға, жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия мүшелеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер ауқымды да жауапты міндетті жоғары кәсібилікпен және зор жауапкершілікпен атқардыңыздар.
Өткен кезеңге көз жүгіртсек, бұл үдерістің шын мәнінде жарты жылға жуық уақытқа созылған жалпыхалықтық талқылау алаңына айналғанын айқын аңғарамыз. Бұл – қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты.
Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің іргелі негіздері, басты құндылықтары мен дүниетанымдық ұстанымдары жүйеленіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
Жалпыхалықтық референдум Тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму кезеңін айқындап, ел тарихында тың белестің басталуына негіз қалайды деп сенемін.
Аида Балаева.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары- мәдениет және ақпарат министрі



