Ел тынысы

Елордалық жас ғалымдар Ораз Жандосов мұрасын зерттеді

Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған 8–11 сынып оқушылары арасындағы ғылыми жобалар байқауында № 73 физика -техникалық лицейдің оқушылары зор жетістікке жетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

№73 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Жомартова Гаури Ботаханқызының жетекшілігімен «Жасанды интеллект: Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси мұрасын жүйелеу және визуализациялау» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған 10-сынып оқушылары Сенғазы Жансері мен Ертай Естай І дәрежелі диплом иеленіп, Қарағанды қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Жас зерттеушілер ғылыми ізденістерін тереңдету мақсатында 2026 жылдың 2–5 ақпан аралығында Астана – Алматы – Тараз бағыты бойынша арнайы зерттеу сапарына барып келді.

Экспедицияның басты мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың жеке және отбасылық мұрағаттарымен танысып, тың деректер жинақтау еді.

Сапар Алматы қаласынан басталды. Мұнда жас ғалымдарды Мүсірәлі Жандосовтың немересі Қайсар Жандосов қарсы алып, әулет тарихымен таныстырды. Зерттеу тобы Ораз және Санжар Жандосов атындағы көшелерді аралап, тұлға есімі ұлықталған орындарды көрді. Сондай-ақ, Жандосов ауылында әулет үлкендерімен кездесіп, тарихи естеліктерге қанықты. Әулет зиратына барып, Ораз Жандосов пен оның жақындарының рухына тағзым етті.

Экспедиция барысында жас ғалымдар Алматыдағы ұлттық кітапханада болып, сирек қордағы құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Ораз Жандосовтың түпнұсқа фотосуреттері, жеке хаттары, қызметтік жазбалары мен жеке заттары зерттелді.

1918–1929 жылдары жарық көрген «Ауыл коммунисі», «Еңбекші қазақ», «Садақ» басылымдарындағы мақалалар мен материалдар зерделенді. Төте жазумен жазылған құжаттарды оқуда мамандар көмек көрсетіп, тарихи деректердің мазмұны нақтыланды.
Зерттеу сапары барысында Жандосов атындағы ауылдағы О. Жандосов атындағы мектепке арнайы бару ұйымдастырылды. Мектеп ұжымы мен оқушылар жас ғалымдарды ерекше құрметпен қарсы алып, концерттік бағдарлама мен қолөнер көрмесін ұсынды. Мектеп музейіндегі жәдігерлер мен фотоматериалдар да зерттеу жұмысына енгізілді.

Сонымен қатар, Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде болып, Ораз және Оразәлі Жандосовтардың тағдырына қатысты деректермен танысты.
Алматыға сапармен барған жас ғалым Сенғазы Жансері Қасымханұлы өз ойын былай бөлісті: «Алматы облысындағы төрт күндік сапар барысында біз мұражай мен сирек қордағы зерттеу жұмыстарын жүрігізіп қана қоймай, Алаш қайраткерінің туған еліндегі Жандосов атындағы мектеп пен Жаңалық музейінде болдық, Тараз қаласында да тағылымды кездесу өткіздік».
Сапардың соңғы күні зерттеу тобы Тараз қаласына барып, Текелі комбинатының негізін қалаушы Оразәлі Жандосовтың қызы 98 жастағы Райса апаймен кездесіп, ғасыр жасаған кейуананың ақ батасын алып, әулет тарихына қатысты құнды мәліметтерге қанықты.
«Сапар барысында жас зерттеушілер Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметіне қатысты жаңа деректер жинақтады, түпнұсқа фотосуреттер мен мұрағат құжаттарын зерделеді, ғылыми жобаның дерекқорын толықтырды. Қазіргі таңда зерттеу тобы жиналған материалдар негізінде деректі фильмнің екінші бөлімін әзірлеудеміз» — деп ой бөлісті жоба жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Гаури Ботаханқызы.

Қазіргі уақытта жас тарихшылар фотосуреттер мен тарихи құжаттарды пайдалана отырып, виртуалды музей құру жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл ғылыми сапар ұлт қайраткері Ораз Жандосовтың өмір жолын тереңірек тануға, тарихи сананы жаңғыртуға және ұлт руханиятын дәріптеуге үлкен мүмкіндік берді. Жандосовтар әулетінің қолдауы мен мұрағаттық материалдарға қол жеткізу бізге тың серпін сыйлады, ғылыми ізденістерімізді жаңа деңгейге көтерді» — дейді 10-сынып оқушысы Естай Ертай.

Елордалық жас ғалымдардың бұл бастамасы – тарихқа тағзым мен ұлт мұрасына деген құрметтің жарқын үлгісі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button