Басты ақпаратМәдениет

Кеңес әндерінің кеші

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ музыка өнеріне бір топ талантты композиторлар келіп, өнерге жаңа леп әкелді. Солардың бірі де, бірегейі – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев. Классикалық музыка және эстрада бағыттарында еңбектенген композитор елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеп, профессор дәрежесін алды.

Осы ақпан айында өнер иесінің туғанына 80 жыл толды. Осыған орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы оның шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты кеш өткізді.

Кеңес Дүйсекеев өз кезінде осы музыкалық ұйым құрамындағы «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, «Қазақконцерттің» көркемдік жетекшісі болып қызмет істеді. Сондықтан концерттік ұйымның композитордың мерейтойлық жылында асыл бейнесін еске алып, музыкалық мұрасын жаңғыртқаны заңды болды.

Оның артына қалдырған мұрасы аз емес. Қазақ музыка өнерін байытқан туындыларында ұлттық рух пен заманауи әуен үйлесім тапқан. Кейбір шығармаларын атап өтсек, «Толғау» симфониясы, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасы, «О, дүние» кантатасы, «Жыл мезгілдері» романстар циклі болып әр жанрды қамтиды. Сондай-ақ композитор «Мәди» және «Аққу Жібек» мюзиклдеріне, «Алдар көсе» опереттасына музыка жазды. Қоржынында симфония­-концерт пен түрлі аспаптарға арналған концерт, камералық оркестрге арналған шығармалар мен 200-ден астам ән бар.

Әсіресе, әндері кең таралып, ел жүрегінен орын алды. Соның ішінде белгілі ақын Шөмішбай Сариевпен шығармашылық бірлестіктен біраз ән туды. Атап айтқанда, осы кешке атау берген «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Еркеледің сен», «Қарағым-ай», «Өкінбе сен» және Сембек Жұмағалиев­ пен Мақпал Жүнісованың орындауында махаббат гимніне айналған «Ғашықтар жыры» туындылары қазақ эстрадасының алтын қорына қосылды. Аталған әндерден басқа «Жан әке», «Анаға хат», «Ойлайсың ба, жаным», «Айнакөл», т.б. шығармалары көңіл тербейді. Композитордың жары Баян Дүйсекеевa мен ұлы Нұркен Кеңесұлы қонақ ретінде қатысқан кеште осындай таңдау­лы туындылары орындалды.

Әндерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Құрмаш Махан, Алтынай Жорабаева, Ерлан Рысқали, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Бауыржан Исаев, Алтыншаш Мұқатаева, Анна Уварова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмәдиев, Асқар Мұқият, Әділхан Макин, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, танымал композитор, мультиинструменталист Әділжан Толықпаев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Қуандық Шалқарұлы, Асылхан Шалқаров, Ербол Тәжібаев, Нұрай Шеру, Сұлтан Ахмет, Зарина Макина, Дария Бекпенбетова, Айым Қоғам, Венера Табыс, Ақбөпе Әлібекова, «Saz&Soul» тобы, G-бэнд, «Gulder» ансамблі және «Астана» эстрадалық симфониялық оркестрі орындап, көрермендердің жан сарайын ашты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button