Ел тынысыСаясат

Озық дәстүрлерді қамтысақ

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының кеңесі Ата заңымызға ұсынылған жаңа өзгерістер жобаларын жалпы алғанда мақұлдап, бұл іс-шараның мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесіне тікелей әсер ететін күрделі үдеріс екенін атап өтеді.

Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жария­лаған «Халықты тыңдайтын үкімет пен әділетті қоғам» құруға бағдарланған, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ еліміздегі саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазақстанның қылмыстық саясатының жазалаушы модельден керісінше гуманистік модельге түбегейлі бет бұрғанын көрсетеді.

Жобаның преамбуласында «байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап… келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп» деп айтылған. Яғни, әлмисақтан келе жатқан Ұлы даланың озық дәстүрлерін қамтитын ережелер мен қағидаттардың сақталатыны ескерілген. Бұл ретте, парламенттің «Құрылтай» атауын алуы, тарихи мән-маңызы зор әрі ерекше жауапкершілік арқалаған ұлы жиын – Ұлттық құрылтайдың жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесі болып жаңғыруы көңілге сенім ұялатады. Алайда бұл Кеңеске тағайындалған емес, сайланған тұлғалардың келгені жөн болар еді.

Сондай-ақ еліміздегі ең ірі әрі белсенді қоғамдық бірлестік саналатын «Ардагерлері ұйымы» халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстанның ғасырлар бойғы ұлттық дәстүрлерін насихаттауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына зор ықпал етуде. Сондықтан да болашақ Халық Кеңесінде бұл ұйым мүшелерінің қомақты орынға ие болатынына үмітіміз мол.

10-бапты: «Қазақстан Рес­публикасы халықаралық қатынастарды Қазақстанның мүдделеріне сәйкес жүзеге асырады» деп толықтырған жөн.

Әдетте,  «Кәмелетке тол­ған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi» (30-бап, 4-тармақ) деп айтылған. Алайда бұл ретте жалғызбасты ардагерлер (олар көбінесе депрессияға және ауруларға өте бейім келеді), соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, еңбек ерлері қамтылмаған. Еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасайтын балалардың, қыздардың материалдық жағдайларына қатысты тиісті қолдаудың да қажет болуы мүмкін. Сондықтан, бұл (30) бапты: «Қазақстан Республикасында жалғызбасты қарт адамдардың, соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, еңбек ерлерінің денсаулығын сақтауға, ыңғайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалады» деген жеке тармақпен толықтыру керек.

31-баптың 2-тармағын: «Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де үлгілері және қайырымдылық жасау қолдау табады әрі көтермеленеді» деп жазу қажет. Өйткені әлеу­меттік қамсыздандыру мен қайырымдылық көрсететін тұлғалар, қорлар, мекемелер, фирмалар мемлекет тарапынан көтермеленетін болса, сақтандыру, қамсыздандыру және қайырымдылық жасау әрекеттерінің анағұрлым арта түсетінін тәжірибе көрсетуде.

Сондай-ақ 32-баптың 1-тармағын: «Қазақстан Рес­публикасы өз азаматтарының денсаулығын сақтауға міндетті» деп жазуды ұсынамыз.

Сонымен қатар, осы 32-бапты: «Қазақстан Республикасы жалғызбасты қарт адамдарды, соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, еңбек ерлерін тегін медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді» деген тармақпен толықтыру қажет.

Еліміздің ақсақалдары, қариялар, еңбек ардагерлерінің өмірлік мол тәжірибелері, жасаған ерліктері жастарды еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ұлттық бірлікті нығайту және рухани-моральдық құндылықтарды дамыту үшін тиімді пайдаланылуда. Сондықтан да ардагерлер тарапынан айтылған ойлар мен пікірлердің, ұсынылған ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынына сенім бар.

Сансызбай ЕСІЛОВ,

Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Астана қаласының

құрметті азаматы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button