
Астана қаласы мәслихатының депутаттары Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасын бірлесіп талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесу барысында құрылтайдың басты ерекшелігі атап өтіліп, мемлекеттің басты назарындағы білім, ғылым, мәдениет және цифрландыру салаларына қатысты өзара пікір алмасты. Сонымен қатар спикерлер жаңа заң жобасына байланысты әрбір азаматтың өз пікірін білдіріп, ұсыныс-өтініштерін «E-Өтініш» платформасы арқылы жолдай алатынын еске салды.

Жиын барысында спикер, Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова жаңа заңда отбасы мен неке институтының конституциялық деңгейде айқындалуына, сондай-ақ отбасылық институттың құқықтық тұрғыдан күшеюіне айрықша назар аударды.
«Неке – ер мен әйелдің өз еркімен құрған одағы. Тараптар ерікті түрде қалыптастыратын бұл одақта ер мен әйелдің құқықтары тең», – екенін атап өткен ол аталған нормалар отбасы құндылықтарын нығайтуға, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылатынын жеткізді. Сонымен қатар депутат жаңа заң жобасы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және отбасы мәртебесін құқықтық тұрғыдан одан әрі бекемдеуге негіз болатынын атап өтті.



