Зейнеткерлерді алаяқтардан сақтандырды

Бүгінде бүкіл қоғамда киберқауіпсіздік өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өкінішке қарай алаяқтық әрекеттің құрбанына көбіне егде жастағы азаматтар жиі түсіп қалады. Осыған байланысты елордадағы зейнеткерлердің құқықтық, әрі цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
«Зейнеткерлер арасындағы онлайн алаяқтықтың алдын алу шаралары« тақырыбын арқау еткен жиынға прокурорлар, полиция және БЖЗҚ, Отбасы банк пен Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері қатысып, мұндай алдын алу іс-шаралары уақыт талабынан туындап отырғанын жеткізді. Олар жасына қарамай әрбір азаматтың құқықтық сауатты болуы, цифрлық технологияларды дұрыс пайдалануы – заманауи өмірдің басты қажеттілігі екенін алға тартты.

-Қазіргі таңда онлайн алаяқтық өршіп тұр. Алаяқтар әсіресе егде жастағы адамдарға жиі телефон соғып, түрлі сылтаумен телефон нөміріне келген код санын, басқа да мәліметтерді айтуды сұрайды. Болмаса туыстарының атынан ақша сұрап хабарласуы мүмкін. Сондай жағдайда алданып қалмау үшін не істеу керек? Ең бастысы, қорқыныш пен үрейге жол бермей, асықпай бәрін тексеріп алу қажет, — деді Астана қаласы Прокуратурасының Басқарма прокуроры Арайлым Оразова.

Астана қалалық Есіл ауданы Полиция басқармасының тергеушісі Бекжан Бауыржан ғаламторда адамдар жиі алданып қалатын жарнамалар туралы айтты.
-Алаяқтар кейбір танымал тұлғаларды жасанды интеллект арқылы сөйлете отырып «Қазатомпром» компаниясы акцияларына инвестиция тарту, криптовалюта туралы жарнама роликтер таратуда. Осы жарнамаға алданып қалғандар көп. Оның бәрі алаяқтардың қолымен жасалған өтірік жарнамалар. Сонымен қатар сіздер бұрын жұмыс істеп кеткен мекемелердің қызметкері ретінде де соғуы мүмкін. Олар деректеріңіздің бәрі алаяқтар қолына өтіп кеткенін айтып, әуелі үрей туғызады. Содан құтылу үшін әрі қарай солардың айтқанын істеу керек деп алдайды. Көбіне мұндай алаяқтар елден тыс жерлерден соғады, олардың 70-80 пайызы қазақша білмейді. Сол сияқты екінші деңгейлі банктер атынан, емханадағы кезек бойынша деп те соғып, sms кодты айтуын сұрайды. Бірақ ешқандай мекеме қазіргі таңда азаматтардан код сұрамайды, соны ескеру керек, — деді ол.
WhatsАpp арқылы туысыңның тіпті балаңның даусын ЖИ арқылы салып, соқса да оған алданбаған жөн. Дереу оған бейне қоңырау соғып, шынында туысың екеніне әбден көз жеткізген дұрыс. Сонымен қатар спам арқылы келетін түрлі сілтемелерге де өтіп, әрі қарай деректерді жазу қауіпті. Астана қаласы ПД жедел уәкілі Бақдәулет Көшеров, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімі Аслан Төстікбаев, БЖЗҚ Астана қаласы филиалының көшпелі қызмет көрсету бөлімінің бастығы Ақмарал Темербекова, соның орынбасары Ақан Құрманғалиев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Болат Жұмаділ пайдалы кеңестерін айтып, зейнеткерлерді мазалаған сұрақтарға жауап берді. Алаяқтарды қалай бірден тануға, психологиялық қысымға берілмеуге және мобильді қосымшалар мен онлайн—сервистерді қалай қауіпсіз пайдалануға болатынын түсіндірді.
Райхан Рахметова



