Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі — Мемлекет басшысы

Үкімет отырысында Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту бағытында маңызды міндеттерді атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар. Атап айтқанда, тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру.
Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек.
ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру», — деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс.
Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет.
Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс. Осы орайда, қазіргі таңдағы аса өзекті мәселелерге тоқталайын», — деді Мемлекет басшысы.



