Құқық

«Заң мен тәртіп – Адал азаматтың жолы» байқауы аясында дебат ойыны өтті

Елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Заң мен тәртіп – Адал азаматтың жолы» қалалық байқауы аясында төртінші кезең – «Дебат» ойыны өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Аталған іс-шара жалпы білім беретін мектептердің 8–10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Байқауға жолдама алған әр білім беру ұйымынан 10 оқушыдан құралған 1 команда қатысты. Жалпы 120 оқушыдан тұратын 12 команда өзара бақ сынады. Іс-шараны өткізуге Астана қаласы Прокуратурасы органдары да қолдау білдірді.

Дебат мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіптің қоғамдағы рөлін түсіндіру, азаматтық жауапкершілікті нығайту және «Адал азамат» құндылықтарын насихаттау.

Іс-шара барысында қатысушылар заң мен құқық тақырыптар бойынша өз көзқарастарын білдіріп, пікірталас мәдениеті мен сыни ойлау қабілеттерін дамыта отырып, заң талаптарын сақтау мен құқықтық нормаларды қолдану мәселелерін талқылады.

Дебатты бағалау жұмысына прокуратура, полиция және білім саласының өкілдері қатысып, қатысушылардың дәлелдерінің нақтылығы мен логикалық жүйелілігіне, шешендік шеберлігіне және командалық жұмысына баға берді. Сонымен қатар сарапшылар құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтық салдарлар туралы нақты мысалдар келтірді.

Бұл — «Заң мен тәртіп – Адал азаматтың жолы» қалалық байқауының төртінші кезеңі. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды:

  • тестілеу;
  • бейнеролик байқауы;
  • кейстік тапсырмалар;
  • дебат;
  • жобаларды қорғау;
  • қорытынды марапаттау.

Іс-шара соңында қатысушылар рефлексия жасап, заңды сақтау, адалдық, жауапкершілік және азаматтық ұстаным туралы пікірлерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлауын дамытуға және қоғамда заңға құрметпен қарау құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button